Нұртас Айдарбеков жарымен танысқан кезінде әскерден жаңа келіп жатқан солдат көрінеді.
“Гүлекең екеуміз Түркістан қаласында таныстық. Ол кезде мен әскерден енді келген едім. 21 жаста болдым. Мен ең үлкен ағамның қолында 5 қабатты тұрғын үйде тұратынбыз. Кейін біздің үйдің артынан тағы біреуі салынды. Сол үйге бұл кісінің үлкен ағасы көшіп келген. Біздің үйдің терезесі олардың балконына қарайтын. Әскерден бірге келген жолдас жігіт бар еді, екеуміз талдың астында темекі шегетін жерде отырдық. Ары-бері өткен қыздарға тиісіп отырдық. Бір уақытта кішкентай бір қыз келе жатыр. Ол кезде Гүлекең мектепті енді бітірген екен, тіпті 18 жасқа толмаған. Сөйтіп мен оған бірнәрсе деп тиістім, қолында пакеті бар еді, маған көзімен аларып қарады да, аяғы сүрініп кетті. Сүрінгенде қолындағы пакеті жерге құлап, ішінен екі бөлке нан жерге домалап түсті. Мен «қой» деп ұялып, екі нанын пакетке салып беріп едім, одан сайын аларып қарап, үйге кіріп кетті. Алғаш көріскен сәтіміз сол кез”, – деп жастық шағын есіне алды.
Өнер иесінің айтуынша, танысқаннан кейін екі жылдай хат-хабарсыз екі қалада жүрген.
“Солай мен оның қай үйде тұратынын көріп алдым. Содан үлкен ағамның екі кішкентай қызы болатын, олар балабақшадан келгеннен кейін сыртта ойнайтын, соларға «ана үйден бір қыз, әпше шығады, сол шыққан кезде маған айтыңдар» деп айтып қойдым. Олар жүгіріп келіп маған айтады. Оны естіп алып, жәй жүрген адам ұқсап, әдейі үйдің екінші жағынан алдынан шыға салатын едім. Сөйтіп жүріп, әйтеуір ретін келтірдік. Танысқаннан кейін мен Целиноградқа (қазіргі Астана), Гүлекең Алматыға кетіп қалды. Солай шамамен 2 жылдай жүрдік», – деді Нұртас Айдарбеков.
Еске салайық, Гүлзира Айдарбекова ұлдарының немен айналысатынын айтқан еді.