Туристік сала төмендеп кеткен өңірлер
Үкімет басшысының айтуынша, жалпы елдің туристік саласына тартылған инвестиция көлемі айтарлықтай арта түскені байқалады. Мәселен, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 53% өскен. Десе де, кейбір өңірлерде инвестиция тарту деңгейі керісінше төмендеп кеткен.
– Олардың қатарында Атырау, Қарағанды, Жетісу, Павлодар, Ақмола және Батыс Қазақстан облыстарын атап өтуге болады. Бұл өңірлер тарихи-мәдени мұраларға бай әрі көрікті жерлер де көп. Демек, әкімдіктерде бұл бағыттағы жұмысқа тиісті ықылас жоқ деген сөз. Мемлекет басшысы инфрақұрылымды кешенді түрде дамытып, сервис сапасын түбегейлі жақсартуды тапсырды. Өйткені, дәл осы проблемалар туризмнің дамуына тұсау болып отыр, – дейді ол.
Бектенов елімізде көздің жауын алатын көрікті жері көп екенін, бірақ оларға жетудің өзі бір мұң деп, әзірге жағдайдың өзгеретін түрі байқалмайтынын айтады. Мысалы, Шығыс Қазақстанды немесе Балқаш пен Алакөлді алып қарайтын болсақ, не сапалы жол жоқ, не аялдайтын арнайы тұрақтар мен кемпингтер қаралмаған. Туристер күйі кеткен демалыс орындары мен ондағы санитариялық талаптарға сай келмейтін қолайсыз жағдайларға мойынсұнуға мәжбүр.
Такси жүргізушілері жайлы
Бектенов бәсеке жоқ жерде, сервис сапасы да ақсай беретінін айта келе туристік бизнесте «демалуға қайтсе де келеді» деген қарабайыр түсінік қалыптасқанын айтады.
– Дәл осындай көзқарас еліміздің туристік имиджіне нұқсан келтіреді. Әуежайдан шыққан шетелдік турист бірден ақшаға құныққан такси жүргізушілеріне кезігеді. Олардың ойлағаны қонақты баратын жеріне қауіпсіз жеткізу емес, барынша қомақты ақша алып қалу. Вокзалдар мен әуежайларда өркениетті көлік түрімен қамтамасыз ету туралы әкімдіктерге қанша рет тапсырылды, бірақ әлі күнге дейін нәтиже жоқ. Біз мұндай тәсілдерді өзгертпейінше, сыртқы туризм кеңінен танымал болып қала береді. Бұл ретте, Қазақстанның табиғаты мен әсем жерлері елімізде экологиялық, мәдени, зиярат ету және емдік-сауықтыру туризмін дамытуға зор мүмкіндік береді, – дейді ол.
Сондықтан мемлекет тарапынан туристік аймақтарда инфрақұрылымды қамтамасыз етіп, инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау қажеттігі аталып өтті.