Қарағандыда адамдарды 58 миллион теңгеге алдап кеткен қаржы пирамидасы анықталды

2021-04-12 16:18:11
Қарағандыда қаржы пирамидасы әшкере болды. Ұйым 77 адамды алдап үлгерген. Олар 58 миллион теңге салған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Полиция мәліметінше, қаржы пирамидасын ұйымдастырушы Қарағандының Майқұдық ауданының 34 жастағы тұрғыны. Ол 2019 жылдың сәуірінде қылмыстық жүйе жасап, оған ақша салған адамдарға қаржысын еселендіріп беруге уәде еткен. Қылмыстық жоспарын жүзеге асыру үшін ол WhatsApp-та "Тәуелсіз трейдер" ("Независимый трейдер") деген топ ашып қойған.

"Ақшаны қолма-қол шығару үшін қаржы пирамидасын ұйымдастырушы туыстарының: әйелінің, анасының, енесінің банк карточкасын пайдаланған. Сонымен қатар, 2019 жылдың қазанынан сәуіріне дейін әкімші ретінде 50 адамды алған, олар да қаржы ұйымына ақша салған. Бәріне ақшасын еселеп қайтаратынын айтқан, алайда біраз қаржы жиналғаннан кейін жоғалып кеткен. Жәбірленушілер тарапынан алғашқы арыздар 2019 жылдың соңында түсе бастады", - деді Қарағанды облысы ПД тергеу басқармасының тергеушісі Сұңғат Хасенханов.

Күдікті 2020 мамырында ұсталды. Таяуда қылмыстық іс сотқа жіберілді. Жәбірленуші ретінде 77 адам тіркелген.

"Жалпы Қарағанды облысының Полиция департаментінде екі бірдей іс жатыр. Тағы біреуін Сәтбаев қаласының полиция бөлімі тергеп жатыр. Олар бойынша материалдық шығын әлі есептелмеді", - дейді тергеуші.

Сонымен қатар, Сұңғат Хасеновтің мәліметінше, кейбір жәбірленуші осымен бірнеше рет алаяқтардың құрығына түсіп қалған.