Бас полицей бейнебақылау камерасын орнатуға шақырды

2020-02-19 18:00:33

Ауданның бас полицейі тұрғындарды ұрлықпен бірге күресуге шақырды, деп хабарлайды Kaskelenkz тілшісі.

Бүгін бас әкімдіктің үлкен мәжіліс залында, аудандық полиция басқармасының басшысы Асхат Данияр тұрғындармен жүздесті. Ондағы мақсат – округтердегі ірі кәсіпкерлік нысандарының басшылығына, саяжай өкілдеріне ғимараттар мен үйлерге бейнебақылау камераларын орнату қажеттігін ескерту. Бұл ретте ауданның бас полицейі «Қауіпсіз аудан» бағдарламасын ұсынды.

Ауданның бас полицейінің мәлімдеуінше, жергілікті жердегі бөтеннің мүлкін ұрлау дерегі өткен жылмен салыстырғанда былтыр 19,2% пайызға төмендеген. Яғни, 2018 жылы  2047 дерек тіркелсе, 2019 жылы 1653 ұрлық болған.

Ұрлықтың ашылуына және алдын алу үшін бейнебақылау камералары аса маңызды екенін алға тартты Асхат Даниярұлы. Баяндамаға сүйенсек, 2019 жылы ауданымыздың көпқабатты үйлерінде 486 бейне бақылау камералары орнатылған. Сонымен, аудан көлемінде барлығы 1907 камера болса, олардың 330-ы дәмханалар мен мейрамханаларда, 150-і сауда үйлері мен дүкендерде, 849-ы білім беру мекемелерінде, 402-і өзге де мекемелерде, 30-ы демалыс орындарында, 130-ы мешіттер мен медреселерде орналастырылған. Бұдан бөлек облыс орталығынан басқарылып, қадағаланатын 19 құрылғы қоғамдық орындар мен жолдарға, көше қиылыстарына қойылған.

Ауданда барлығы 141 террористік әрекеттерге жеңіл ұшырайтын нысан бар. Қарасайлық полицейлермен өткен жылы осы орындарда, басшылары мен қызметкерлерінің қатысуымен 71 оқу-жаттығу жұмыстары жүргізілді.  

Тексеру барысында террористік әрекеттерді болдырмауға бағытталған қауіпсіздік жұмыстарын толыққанды жүргізбегені үшін, ҚР ӘҚБтК-нің 149 бабы бойынша бірқатар ірі мекеме басшылары әкімшілік жазаға тартылған. Атап айтқанда, «Хоум Март» МОЛЛ АПОРТ ЖШС-не 1000 АЕК (2.525.000тг.) көлемінде, «Мадонна» мейрамханасына 300 АЕК (757.000 тг.) көлемінде және Шамалған ауылындағы орта мектепке 100 АЕК (252.500 тг.) көлемінде айыппұл салынған.

Жоғарыда айтқанымыздай, жалпы ұрлық дерегі азайғанымен, ағымдағы жылдың бір айындағы бөттеннің мүлкін жымқыру оқиғасы өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 6 пайызға артқаны анықталды.

Тіркелген 155 ұрлықтың 54 ғана ашылып, қалған 101 дерек ашылмай тұр. 47пәтер ұрлығы мен 1 мал ұрлығын жасағандар әлі де бостандықта жүр.

Дегенмен, қаңтар айының соңында 6 адамнан құралған қылмыстық топ қарасайлық полицейлердің құрығына түскенін айта кеткен жөн. Олар түгелдей қамалып, қазір 4 ауқымды пәтер тонау дерегі бойынша жауапқа тартылуда.

Жалпы, қаңтар айында 71 күдікті қамауға алынса, олардың 31-не ұрлық жасағаны үшін кісен салынған.  

Оған сәйкес барлық ғимараттар мен көшелер видеобақылауға алынып, қылмыс пен бұзақылықтың алдын алуға, тез әшкерелеуге көмектесетіні әңгіме арқауына айналды. Болашақта қарасайлық полицейлер саны артуы үшін тиісті жұмыстар атқарылып жатқаны да айтылды.  

Жиын барысында қатысушылар да өздерін толғандыратын сұрақтарын қойып, толыққанды жауаптарын алды.