Шымкентте үйдің кіреберісінде зейнеткерді зорламақ болған күдіктімен селфи жасаған полицей жұмыстан шығарылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан қаланың полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұған дейін Шымкент полициясы ауыр қылмыс жасаған күдіктімен селфиге түскен полицейге қатысты қызметтік тексеріс басталғанын айтқан еді.
"Сурет күдіктіні полиция бөлімшесіне жеткізу кезінде қызметтік көлікте түсірілген. Департамент басшылығы учаскелік инспектордың бұл әрекетін офицерге лайықсыз деп бағалады", - делінген хабарламада.
Қызметтік тексеріс нәтижесінде тәртіптік комиссияның шешімімен полицей өз қызметтік міндеттеріне салғырт қарағаны, қызметтік дисциплинаны бұзғаны және Мемлекеттік қызметкерлердің әдеп кодексінің талаптарын сақтамағаны үшін қызметінен алынды.
Еске салсақ, Шымкентте үйдің кіреберісінде ер адамның әйелді есінен тандырып, оны зорламақ болған сәті видеоға түсіп қалған еді. Оқиға 17 желтоқсан күні болған.
Полиция күдіктіні ұстады. Ол Шымкент қаласының 1985 жылғы тұрғыны.
Тергеу кезінде ер адам әйелдің күртешесінен 8 мың теңгеге жуық ақшаны алып кеткені де анықталды. Күдікті өз кінәсін толығымен мойындады.
Қазір ол уақытша ұстау абақтысында отыр. Қылмысы дәлелденсе, 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Шымкентте әйелді зорламақ болған ер адаммен селфиге түскен полицей жұмыстан қуылды
2020-12-22 12:20:37
Последние новости
22.12.2020
Қорғаныс министрі: «Әскерде әлімжеттік жоқ»
22.12.2020
Айзат Молдагасимова получила новую должность