ШҚО-да пәтерден 3 ер адамның денесі табылды

2020-12-21 16:20:18
Шығыс Қазақстан облысы Курчатов қаласындағы пәтерлердің бірінен 3 ер адамның денесі табылды. Оларға оқ тиген, - деп хабарлайды Tengrinews.kz облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.

21 желтоқсанда Курчатовта аса ауыр қылмыс жасалған. Қаладағы пәтерлердің бірінен 3 ер адамның денесі табылған.

"Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті қылмыс жасағаннан кейін өзін-өзіне қол салған. Оның кім екені анықталды. Қаза тапқан адамдар Курчатов қаласында тұрады", - дейді ШҚО Полиция департаментінің басшысы Сағат Мәдиев.

Қазіргі таңда бұл факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі ("Адам өлтіру") бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жарияланбайды.

Полиция мәліметінше, әлеуметтік желілерде бұл қылмыс қала көшелерінің бірінде болды деген ақпарат шындыққа жанаспайды.