Қазақстандық әуе компаниялар пандемия салдарынан қанша шығынға батты?

2020-12-08 12:20:13
Қазақстандық әуе компаниялар осы жылдың 10 айында 4,4 млн жолаушыны тасыған. Бұл көрсеткіш 2019 жылдың сәйкес кезеңінен салыстырғанда 38%-ға аз (7,1 млн жолаушы), деп хабарлайды AzattyqRuhy.kz.

Пандемия салдарынан жолаушылар саны тек Қазақстанда ғана емес, әлем бойынша да күрт азайып кеткен. Болжам бойынша, биылғы көрсеткіш алдыңғы жылдармен салыстырғанда 60-70% төмендеуі мүмкін.

Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA) бағалауы бойынша, 2023 жылға дейін тасымалдау көлемін 2019 жылғы деңгейге дейін толық қалпына келтіру мүмкін емес. Сондай-ақ, IATA жолаушылар санының күрт азаюынан биылғы кіріс шығынын 252 миллиард АҚШ долларын құрайды деп бағалайды. Ал, қазақстандық азаматтық авиация ұйымдарының шығыны шамамен 356,7 млрд теңгені құрайды.

Бүгінде Қазақстанда ішкі тұрақты рейстер толығымен қалпына келтірілді. Сондай-ақ, 12 елмен (Түркия, Корея, БАӘ, Беларусь, Украина, Германия, Нидерланды, Өзбекстан, Қырғызстан, Египет, Ресей, Мальдивтер) аптасына 52 рейс жиілігімен халықаралық рейстер орындалады. Бұл короновирусқа дейінгі халықаралық тасымалдың жалпы көлемінің 12%-ын құрайды.