Пандемиямен күреске Қазақстан аз қаражат бөлген жоқ. Ол аз болғандай, алдағы екінші толқынға тағы бөлінеді, деп хабарлайды Aiqyn
Көктемнен бері атқарылған шаралардан қаражаттың оң емес, солға кеткенін көп байқадық. Бірнеше есе қымбатқа сатып алып, шығынға бату, түрлі заңбұзушылық, жемқорлық сынды бірнеше фактіні көз көрді. Бұл – әлі толық ашықтық жоқ болғандағы көрініс. Егер бюджеттің әр тиынын санаса, есебі дәл шыға ма, белгісіз.
Сәуірде Президент тапсырмасымен Үкімет резервінен 23,5 млрд теңге бөлінген болатын.
Тарқатып айтқанда, 2,7 млрд теңгесі – тепловизорлар, зертхана жабдықтары мен коронавирусты анықтайтын тест жүйелерін алуға, 131 млн теңгесі – Қазақстан азаматтарын Қытайдан эвакуациялауға, 20,6 млрд теңгесі жеке қорғаныс, дезинфекция құралдары, дәрі-дәрмекке кеткен. Қаражаттың осы бөлігінен аймақтарға – 11,6 млрд теңге, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларына – 1,4 млрд теңгеден, Шымкентке 605 млн теңге жолданған. Үш траншпен: 29 қаңтарда, 21 ақпанда және 25 наурызда бөлініпті.
Бұдан бөлек, республика бюджетінен қосымша бөлінген 125 млрд теңге бар. Эпидемиямен күрес мақсатында Денсаулық сақтау министрлігіне берілген сома – 114,8 млрд теңге. Бұл қаражаттың қалай жұмсалғанына келсек, қолда бар деректен мынадай көрініс шығып тұр: карантин іс-шараларына атсалысқан ақ халаттыларға қосымша сыйақы беруге (40,6 млрд теңге), коронавирус жұқтырғандарды емдеген медициналық ұйымдардың қызмет ақысына (19,5 млрд теңге), елордада, Алматыда және Шымкентте медициналық модульді кешен салуға (14,8 млрд теңге), төтенше жағдай кезінде тұрмыстық және азық-түлік жинағына (30,8 млрд теңге), медицина қызметкерлері, ішкі істер органдары, Ұлттық гвардия мен Қарулы Күштердің әскери қызметкерлеріне сыйақы беруге (8,1 млрд теңге) кеткен.
Бюджеттен бөлінетін ақшаны барынша үнемдей отырып, ұтылмаудың амалын қарастырмаса, қазынаға салмақ тағы түсуі мүмкін. Мысалы, коронавирусты емдеуге арналған антиретровирустық препараттар үш есе қымбат бағаға алынған. Коронавирус инфекциясына қарсы құны 10 млн теңгедей болатын 65 мыңға жуық таблетка алынғанын мамырда «СҚ-Фармация» хабарлаған еді. Vlast тілшісінің осы тақырып бойынша жүргізген есебі бойынша, бір таблетка 153,8 теңге, бір қорабы 18,5 мың болғанын байқаймыз. Ал әлемдегі бағаға келсек, осы препараттың генерик нұсқасы, яғни оригиналдан кем түспейтін түрі 8 мың теңге тұрады. Егер ақпанда генерик препараттар алғанда, мемлекет 6 млн теңге үнемдеуі мүмкін еді.
Если вы считаете, что материал нарушает авторские права или содержит недопустимый контент — сообщите нам:
Оставьте ваш комментарий (будет видно Ваше имя):
Комментарии