ҚР Сыртқы істер министрлігі қазақстандықтар ұшып бара алатын мемлекеттердің тізімін жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан Республикасы азаматтарының шетелге шығу мүмкіндіктері немесе шет елдердің тарапынан қойылған шектеулер туралы ақпарат: бүгінгі таңда қазақстандықтар 11 елге бара алады. Біздің кестеде сіз шет мемлекеттер қандай талаптарды қоятынын біле аласыз», - деп хабарлайды ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров.

Аталмыш кестеде ПТР-тест қажет пе, қандай да бір елге келген соң карантинге жатқызып тастай ма, өзімен бірге қандай құжат алып жүру қажет, виза қажет пе, жоқ па - міне, осы және өзге де талаптар көрсетілген.

«Бұл ақпарат жаңартылып отырады, сондықтан сапарларыңызды жоспарлау кезінде шет мемлекеттердің талаптарын мұқият зерделеуді сұраймыз» деп мәлім етті СІМ өкілі.

Айта кетейік, қазақстандықтар ұшып бара алатын 11 мемлекеттің қатарында Беларусь, Біріккен Араб Әмірліктері, Германия, Мысыр, Нидерланд Корольдігі, Корея Республикасы, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Украина мен Ресей бар.

Ведомство жасаған кестемен мына сілтемеде толық таныса аласыз.