Алматы облысының полицейлері жиырма күн бұрын хабар-ошарсыз кеткен 16 жасар жасөспірімді іздестіріп тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, із-түссіз жоғалған баланың анасы ұлының хабарсыз кеткені туралы полицияға екі аптадан кейін ғана хабарлаған. Талдықорған қаласының тұрғыны 16 жастағы Дархан жақындарымен сөзге келіп, 18 шілде күні үйінен кетіп қалған. Анасы осы уақытқа дейін баласын өз күшімен тауып алуға тырысқанымен, байланысқа мүлдем шықпаған ұлын таба алмаған. Көп уақыт хабар алмаған соң көңіліне күдік ұялап, полиция қызметіне жүгінген. Әйелдің айтуынша, ол соңғы рет ұлын үйде көргенде жаман ойға итермелейтін белгілер болмаған.
«Ақпарат алғаннан кейін жақын аумақты патрульдік полиция жасақтары мен жедел-тергеу тобы аралады. Бағдар жасалып, балаға іздеу жарияланды. Тоғызыншы сынып оқушысы құрылыс алаңдарының бірінен табылды. Оның құрылыс жұмыстарына табыс табу мақсатында келгені белгілі болды. Дегенмен, ол туыстарына хабар беруді қажет деп санамаған. Оның айтуынша, үйіне қоңырау шалғысы келген, алайда сол сәтте ұялы телефонының қуаты таусылып қалған», - деді Талдықорған қалалық Полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Асқар Нұрсапа.
Полиция оқиғаның «сәтті» аяқталғанын және жасөспірімнің жауапсыз әрекеттерінің соңы қайғылы жағдайға айналуы мүмкін екенін атап өтті.
«Өкінішке орай, балалардың үйден өз бетімен кетіп, құқық бұзушылық жасау деректері жиі кездеседі. Баланың жеке тұлғалық дамуында және оның қоғамдағы лайықты мінез-құлық қасиеттерін, жағымды әдеттерін қалыптастыруда отбасы үлкен рөл атқаратыны баршаға анық. Ешқандай алдын алу жұмыстары оның тағлымын бере алмайтыны шындық. Ювеналды полиция қызметкерлері үнемі балалар мен ата-аналарға қоғамдық орындарда, отбасында қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелері бойынша құнды ұсыныстар береді. Осы ұсыныстарды барлығының назарға алғанын қалаймын», - деп толықтырды полковник Асқар Нұрсапа.
Алматы облысында үйінен кетіп қалған оқушы 20 күннен кейін табылды
2020-08-05 15:00:44
Последние новости
05.08.2020
10 августа объявлено днем Абая в Казахстане
05.08.2020
10 тамыз – Абай күні деп жарияланды