Тәртіп сақшылары қоғамдық орындарда медициналық маска тағу міндетті екенін ескертеді, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.
Елорданың бас мемлекеттік санитар дәрігерінің бұйрығына сәйкес, үйден шыққандар медициналық маска тағу міндеттеледі. Бұл аурудың алдын алу үшін жасалады. Құқық бұзушыларға 30 АЕК немесе 79 530 теңге айыппұл салынады.
«Бірінші кезекте полиция алдын-алу жұмыстарына көңіл бөледі. Адам көп жерлерде, саябақтарда, скверлерде, қоғамдық көліктерде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, азаматтарға маска тағуды ұсынамыз. Егер адам көп орындарда маска тақпаса әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бірінші кезекте біз тәртіп бұзушыларға қатысты алдын-алу шараларын қолданамыз», - дейді қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Данияр Оралов.
Департамент өкілі халықтың денсаулығын сақтау, коронавирус инфекциясының алдын алу және болдырмау үшін азаматтар медициналық маска тағуы керек деп есептейді.
Осы ретте бірқатар елорда тұрғындары арасында блиц-сауалнама жүргізіліп, респонденттердің көпшілігі маска қорғаныс ретінде қажет екеніне және оны жабық ғимарат ішінде кию керек екендігіне сенімді.
«Меніңше, сыртта маска тағу қажет емес, өйткені таза ауа одан да маңызды. Иә, жабық ғимарат ішінде әлеуметтік қашықтық сақтау, маска тағу керек, бірақ көшеде міндетті емес», - дейді қала тұрғындарының бірі.
Тұрғындардың тағы бірі адам аз жерде таза ауамен дем алу үшін маскасын шешетінін айтады. Сондай-ақ өзі де вирус тасымалдаушы болуы мүмкін екенін ескеріп, адамдар арасында маска тағып жүретінін айтады.
Естеріңізге сала кетейік, жабық, қоғамдық орындарда, халыққа қызмет көрсету орталықтарында, дүкендер мен дәріханаларда, медициналық мекемелерде маска тағу міндетті.
«Маска тағу COVID-19 инфекциясының алдын алу үшін өте маңызды. Маска тағудың дұрыс тәртібін сақтау керек және әр екі сағат сайын ауыстыру қажет», - деп түсіндіреді терапевт Азиза Алданбаева.
Еске салайық, Қазақстанда карантин режимі 17 тамызға дейін ұзартылды.
Нұр-Сұлтанда маска тақпағандарға 80 мың теңгеге дейін айыппұл салынады
2020-08-05 13:00:46
Последние новости
05.08.2020
Алматылық полицейлердің жалақысы көбейді