Сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған шенеуніктердің көпшілігі қылмыстық кодексті білмейді және оның зардаптарын түсінбейді. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаментінің басшысы Нұрлан Қыдырбаев "Antikor.Live" жобасы аясындағы онлайн брифингте айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Көбісі түсінбейді. Менің ойымша, мектептер мен университеттерде түсіндіру жұмыстары жүргізілуі керек. Сонда сыбайлас жемқорлық қылмыстары азаяды. Қылмыстық кодексті білмейтіндер көп. Оның түбі неге әкеліп соқтыратынын өздері де білмейді, - деді Қыдырбаев.
Оның айтуынша, егер мектепте қажетті профилактикалық және түсіндіру жұмыстары жүргізілсе, балаларға сыбайлас жемқорлықтың салдары туралы айтылатын болса, онда мұндай қылмыстар азаяды.
Өз тәжірибемізден білеміз, көптеген жемқор шенеуніктер істеген ісіне өкінеді. Кейде олар түрмеде отырғанда аналары және басқа да жақындары қайтыс болады. Сондай кезде өкініп жатады. Бәріміз де мектепке бардық және сол жерде айтылғанды біз өмір бойы есте сақтадық деп ойлаймын. Сондықтан осындай жұмысты мектептен бастаған дұрыс, - дейді департамент басшысы.
Мысал ретінде ол темекі шегу мен нашақорлықтың зияны туралы дәрістердің ұқсастығын келтірді.
Олар жаман әдеттің қандай зардаптарға әкелетінін білуі тиіс, - деп түсіндірді бөлім бастығы.
Жемқорлардың көбісі қылмыстық кодекс туралы білмегендіктен осындай әрекетке барады
2020-08-04 13:00:45