Президентті алаңдатқан Көбейтұз көлінде не болып жатыр – видео

2020-07-27 11:01:03
Нұр-Сұлтан іргесінде орналасқан Көбейтұз көлі маңына мобильді бекеттер қойылды. Енді полиция демалушыларды көл маңына өткізбейді. Елорда маңындағы көлдер карантин аяқталғанға дейін күзетіледі, деп хабарлады Polisia.kz порталы.


Ақмола облысының Ерейментау ауданының әкімдігі Көбейтұз, Теңіз, Құрбет және Қоржынкөл көліне адамдардың келуіне тыйым салу туралы шешім қабылдады. Жақында әлеуметтік желіде көлге келушілердің табиғи аймаққа залал келтіргені жайлы фото мен видео тарады.
Демалушылар көл жағасын қоқысқа толтырып, кейбірі көлдің тұзын қап-қабымен әкетіп, коронавирустан қорғайтын "дәрі" деп сатуға кірісті. Одан бөлек Нұр-Сұлтан тұрғыны көлігімен Көбейтұзға кіріп кеткен болатын.

"Ақмола облысы полиция департаменті басшылығының тапсырмасымен Көбейтұз көліне баратын екі автожолда тыйым салынған аумаққа кіруді және шығуды бақылайтын үш мобильді бекет қойылды", - делінген ақпаратта.