2020 жылдың жаз мезгілі карантинмен тұспа тұс келгендіктен, жыл сайын Түркия, Египет, Дубай асатын қазақстандықтар ел аумағындағы демалыс аймақтарын аралап жүр. Олардың көпшілігі Бурабай мен Каспий теңізіндегі демалыс аймақтарының бағалары шетелмен бірдей дейді. Биылғы жыл қазақстандықтар жаппай барып жатқан демалыс аймақтарына хабарласып, олардың қызмет құнының бағаларын білді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
АҚТАУ RIXOS-ТЫҢ БІР ТӘУЛІГІ – 300 МЫҢ ТЕҢГЕ
Қарт Қаспий теңізінің жағалауында күнге қыздырынып, Ақтаудың «нән» балықтарын жеп, әлемдегі таңдаулы қонақүйлердің бірі саналатын Rixos-та демалғыңыз келсе миллионер болуыңыз қажет. Себебі, Ақтау Rixos қонақүйінде 2 адамдық нөмірдің 1 тәуліктегі құны – 300000 теңге. Аталған сома ішіне мына қызметтер қоса кіреді – бассейн, фитнес орталық, таңғы ас, жағажай, Спа және сауықтыру орталығы, кешкі бағдарламалар, балалар алаңы, теннисті корт және әуежайдан күтіп алу мен шығарып салу.
Егер теңіз жағалауындағы орташа деңгейлі қонақүйлерге жайғасамын десеңіз, онда бір тәуліктің баға 7500 теңгеден басталып, қонақ үй деңгейіне байланысты 35-40 мың теңгеге дейін барады.
ШЫРАЙЛЫ ШЫҒЫСТЫҢ ДЕМАЛЫС ОРЫНДАРЫ
Биыл көптеген ресейліктер ғана емес, қазақстандықтар да Шығыс Қазақстанның тұмса табиғатына саяхаттап жүр. Көпшілікке кеңінен танымал «Рахман қайнарында» демалушылар саны биыл былтырғы жылмен салыстырғанда өскен.
«Биыл біздің демалыс аймағымызға келушілер саны былтырғыға қарағанда екі есеге өскен. Бұл карантиннің әсері болар. Кейбір қызмет құнының ғана бағалары аздап өскені болмаса, үйлерді жалға беру, қонақүй құны сол қалпы. Биыл келушілер шығыстың баллын шелектеп әкетіп жатыр. Омарташыларға жақсы болды (күліп)», - дейді «Қазақ курорт» орталығының оператор кеңесшісі Екатерина Максимқызы.
2020 жыл «Рахман қайнарындағы» 1 адамның 5 тәулік түнеп шығуы – 100 мың теңге, екі адамдық эконом класс нөмірі – 88 000 теңге, үш адамдық эконом нөмір – 82 000 теңге. Бір түнге 4 адамға арналған коттедж бағасы – 99 000 мың теңгені құрайды.
12 күн, 11 түнге бір адамдық базалық пакет бағасы (жатын орын, тамақ, жеткізіп салу) – 207 000 теңге. Алты тәулікке арналған 1 адамның базалық пакетінің бағасы 127 000 теңгені құрайды.
Шығыс Қазақстандағы тағы бір танымал демалыс орны Бұқтырмада 5 адамдық жеке коттедждерді жалға алу құны - 15 мың теңгеден басталады. Қожайынмен келісіп, үй бағаларына 12 000, 10 000 теңгеге дейін жеңілдетуге болады. Қонақүй бағалары адам басына ең арзаны 8 000 теңгеден басталып, 50 000 теңгеге дейін барады.
Қазақстанға ғана емес, әлемге белгілі Алакөлдегідемалыс аймақтарында бір күндік демалыс құны – 4 500 теңгеден басталып, 25 000 теңгеге дейін барады (жағажайға жақын жатын орын, үш мезгіл тамақ). Алакөлге бүгінде ұшақпен бару құны – 13 000 теңге, ал автобуспен апаратын туристік компаниялар 3 тәулікке, 2 мезгіл тамақ пен жатын орынға 30 000 теңге алады. Алакөлге көлікпен барған туристер пойыз немесе ұшаққа мінуге кеңес береді.
«БУРАБАЙ RIXOS-ТЫҢ» БІР ТӘУЛІГІ – 250 000 ТЕҢГЕ
Арқаның кербез сұлу Көкшетауындағы Бурабай мен Оқжетпестегі демалыс орындарындағы бағаға Түркияда демалуға болатыны бұрыннан айтылып жүр. Мәселен, «Бурабай Rixos» қонақүйінде 2 адамдық бөлменің орташа бағасы 250 000 теңгеден басталады. Бұл бағаға қонақүй, бассейн, спа-процедуралар, сауықтыру қызметтері (фитнес, спа, маникюр, педикюр, пилинг және т.б), үш мезгіл тамақ кіреді.
Бурабай баурайындағы басқа қонақүйлер мен хостелдердің бағасы 5 000 теңгеден басталып, 180 000 мың теңгеге дейін барады. Демалыс аймағына жақын Щучинск поселкесінде тұрғындар үйлерін туристерге 2000-7000 теңге аралығында жалға береді. Көп ақша шығындамай демалғыңыз келсе, осындай үйлерді жалға алуыңызға болады. Бірақ тамағыңыздың бәрін сырттан сатып алуыңызға тура келеді.
КӨЛСАЙ КӨЛІ МЕН ШАРЫН ШАТҚАЛЫНА ТУРМЕН БАРУ АРЗАНҒА ШЫҒАДЫ
Алматы қаласынан 300 шақырым жерде орналасқан Көлсай, жолай Шарын шатқалдарына көбіне студенттер саяхаттағанды жақсы көреді. Табиғаты көздің жауын алатын Көлсай, Қайыңды сай мен Шарын каньонына бір өзіңіз болсаңыз, туристік компаниялармен барғаныңыз дұрыс. Ал бірнеше адам бірігіп саяхаттар болсаңыз, өз жолыңызбен барған тиімдірек болады. Көлсайға туристік компаниялармен 3 күнге бару құны - 30000 теңге (тамақ, түрлі ойын-сауық, фотосессия, жатын орын мен гид қызметі). Шарынға бару бағасы – 5000 теңге (көлік, ауыз су және гид қызметі)
Көлсайдан 2 шақырым жерде орналасқан Саты ауылында хостел ашылған. Хостел құны 5 адамға бір түнге – 60 000 теңге (таңғы ас, душ, жатын орын және интернет) кіреді. Одан бөлек, ауылдағы әрбір екінші тұрғын үйлерін жалға беріп, табыс табады. Қажет десеңіз 3 мезгіл тамағыңызды да ауыл тұрғындары дайындап береді. Мұндай қызметтің бір күні үшін адам басына 5000-7000 теңге төлейсіз.
Каспий теңізі, Бурабай мен Алакөл – Қазақстандағы туристік аймақтарда демалыс құны қанша?
2020-07-23 11:00:42
Последние новости
23.07.2020
Вспышка бешенства наблюдается в ВКО