Коронавирустан жазылған екі адам үйлеріне жіберілді - Дәурен Абаев

2020-03-26 17:00:37
Коронавирустан жазылған екі адам үйлеріне жіберілді - Дәурен Абаев
Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев мәлім етті. Министр брифинг барысында қауіпті індеттен айығып шыққандар туралы ақпарат іздеп, олардың аты-жөнін анықтауға тырысқан БАҚ өкілдерін түсіністік танытуға шақырды, деп жазады AzattyqRuhy.kz.

«Дәрігерлік құпияны сақтауды еске саламыз. Ешкім коронавируспен ауырған адам ретінде аты шыққанын қаламайды. Өздеріңізді сол адамның орнына қойып көріңіздер. Олар өз азаматтарымыз. Егер ол азаматтар туралы бір ақпарат тауып жатсаңыздар, олардың рұқсатынсыз ешкімге бермеуді сұраймыз», - деді Дәурен Абаев.

Министр алдағы уақытта дәрігерлердің коронавируспен ауырған науқастарды қалай емдейтіні туралы сұхбат ұйымдастырылатынын айтты.

Бұдан бөлек, Дәурен Абаев елдегі заңдылық пен тәртіп сақтауды қамтамасыз етуге қатысты прокуратура, полиция мен мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдерінен құрылған мобильді топтардың жұмыс қорытындысын жариялады. Нәтижесінде Нұр-Сұлтан және Ақтөбе облысында медициналық маска мен антисептикті заңсыз сатқан 40 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Нәтижесінде 4 млн маска мен 13 мың литр антисептик тәркіленді.

«Төтенше жағдай басталғалы ҚК 214 бабы бойынша 15 тергеу амалы басталды. Мұндай деректер Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарында анықталған», - деді министр.

Соңғы мәлімет бойынша, Қазақстанда коронавирус індетін жұқтырғандардың саны 109 адамға жетті.
Просмотров материала: 0