Сағынтаев: Коронавирусқа қатысты жағдай біз ойлағаннан әлдеқайда қауіптірек болып шықты

2020-03-26 07:00:40
Сағынтаев: Коронавирусқа қатысты жағдай біз ойлағаннан әлдеқайда қауіптірек болып шықты
Әкім Бақытжан Сағынтаев алматылықтарға үндеу тастады, деп хабарлайды zakon.kz.

Әкімнің коронавирусқа байланысты алаңдаушылық танытып, халыққа тастаған үндеуі оның Instagram-дағы парақшасында жарияланды.

"Құрметті алматылықтар! Коронавирусқа қатысты жағдай біз ойлағаннан әлдеқайда қауіптірек болды. Қауіпті жете түсінбеу — жауапсыздық және қылмыспен пара-пар. Өкініштісі сол, карантинге немқұрайлы қарап, шектеу шараларын сақтамай, халықтың өмірін қауіп-қатерге тіккен жандар азаймай тұр. Жұмысын жалғастырып жатқан спорт залдары мен мейрамханалар, санитарлық нормаларды сақтамаған азық-түлік дүкендері анықталды. Мамандардың сөзіне құлақ аспай, көшеде қыдырып жүрген тұрғындар да бар. Тәртіпке бағынбағандар үшін қатаң шара қолданылады.


Бұл ретте төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі қалалық жедел штабтың өкілдері қосымша шектеу шараларын қарастыруда. Ертеңнен бастап қоғамдық көлік қозғалысының кестесін сағат таңғы 6:00-ден кешкі 19:00-ге дейін қысқартамыз. Сондай-ақ, штабтың шешімімен негізгі сауда нысандары мен қызмет көрсету нысандарының жұмысы тоқтатылды. Бұл шешім тек дәріханалар мен медициналық ұйымдардың, азық-түлік дүкендері, жанар-жағармай стансаларының жұмысына шектеу қоймайды", делінген жазбада.

Просмотров материала: 0