«Ағайынның амандығы керек». Танымал әртістер елді сабырға шақырды

2020-03-18 13:00:38
«Ағайынның амандығы керек». Танымал әртістер елді сабырға шақырды
Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі бірқатар отандық әртістердің төтенше жағдайға қатысты елді сабырға, тәртіпке шақырған видеоларын жариялады.

Танымал әнші Мейрамбек Беспаев мұндай сындарлы сәтте ауызбіршілік керек екенін атап өткен.

«Ардақты ағайындар, аты жаман вирустың қаупі өте күшті болып тұр. Дегенмен, бұл сынақтан да біздің ел аман-есен өтеді деп ойлаймын. Өйткені, бізге ағайынның амандығы өте қажет. Бір-бірімізді ойлайық. Жоғарыдан айтылып жатқан кеңестерге мұқият құлақ түрейік. Ең бастысы - ауызбіршілік, түсіністікпен бұл вирустан аттап өттейік», - деді М.Беспаев.

«Жігіттер» тобының әншісі Айдар Тұрғанбек медициналық маска тағып, қолды жиі жууға шақырады.

«Артық дүрліктірудің қажеті жоқ. Бәрі жетіп жатыр. Тек мемлекет айтқан шараларды орындасақ жағдай дұрыс болады», - деген ол.

Актрисалар Айнұр Ілиясова мен Бибігүл Сүйіншалина қол беріп немесе бет сүйіп амандаспауға кеңес берген.