Қиын-қыстау кезеңде Жетісуға қоныс аударылғандардың қазақ халқына алғысы шексіз

2020-02-28 11:00:33
Қиын-қыстау кезеңде Жетісуға қоныс аударылғандардың қазақ халқына алғысы шексіз
Кеңес үкіметінің қылышынан қан тамып тұрған кезеңде Жетісу жеріне 1 млн-нан аса адам күштеп қоныс аударылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазақ халқының мейірбандығы мен қамқорлығының арқасында аман қалғандар бүгінде Алматы облысының аумағында берекелі ғұмыр кешіп келеді. Алғыс айту күніне орай олар Қаратал ауданы Бастөбе ауылындағы «Қазақ халқына мың алғыс» ескерткішіне барып, тағзым етіп жатыр.

Шыңғыс Қалиден, тілші:

– Мұндай тағылымды шараның аудан орталығында емес, шалғай ауылда өтуінің сыры мынада. Кезінде қиыр шығыстан жер аударылған кәріс ұлтының өкілдері дәл осы Бастөбенің етегіне әкелініп тасталған екен. Қыстың қақаған суығында қатып қалмауы үшін оларға жергілікті халық үйінен бөлме берген. Арып-ашып жеткендерді ішер аспен, киер киіммен қамтыып отырған. Сөйтіп, қиын-қыстау кезеңді еңсеріп, ел қатарына қосылуына ықпал еткен. Осылайша тірлігін түзеп, ұрпағын өрбітіп отырған кәрістер 2012 жылы осы тарихи орынға «Қазақ халқына мың алғыс» монументін орнатқан болатын. Содан бері жыл сайын осы жерге арнайы келіп, тағзым етеді. Өткен күнді ой елегінен өткізеді. Қазір ауа райының қолайсыздығына, қара суық, аңызақ жел соғып тұрғанына қарамастан, бар құрметін білдіріп жатыр.

Айта кетейік, кезінде Жетісу жеріне күрд, армян, грузин, шешен, ингуш балғар сынды бірнеше ұлт өкілі қоныс аударылды. Қазақ халқының қамқорлығының арқасында сол диаспоралар аман қалды. Бүгінде олардың барлығы еліміздің өркендеуіне шама шарқынша үлес қосып келеді. Осы іс-шарамен қатар бүгін Талдықорғандағы «Достық үйінде» әртүрлі ұлт өкілдерінің фестивалі өтетін болады.
Просмотров материала: 3