Қазақстанда әжетхана салып баюға болады

2019-10-30 18:00:31
Қазақстанда әжетхана салып баюға болады
Жақында Қазақстан аумағында қоғамдық әжетханалар салу мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (бұдан ары қарай МЖӘ) аясында жүзеге асырылатыны белгілі болды. Осылайша МЖӘ орталығы елді санитарлық-гигиеналық нормаға сай қоғамдық 5 мың әжетханамен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Бұл бастама жаңадан салынып, артынша қараусыз қалатын немесе есігі белгісіз себеппен жабық тұратын қоғамдық дәретханалар проблемасын шешпек, деп хабарлайды azattyq-ruhy.kz.

МЖӘ орталығының сарапшысы Махаббат Исабекованың айтуынша, қоғамдық әжетхана салу көп кәсіпкерлерге қызық емес. Себебі, ол арқылы ақша таба алмайды. Ал ақылы болса, туристер «табиғи қажеттілік үшін де ақша төлейміз бе?» деп ренжиді екен. Ең күрделісі – әжетхананы салғаннан кейін оны жұмыс істету, күтіп ұстау әлдеқайда қымбат. Сарапшы М.Исабекова кәсіпкерлер қандай да бір жолмен ақша табу үшін МЖӘ-ні араластырып отырғанын, сондай-ақ қазір оны жүзеге асыру үшін басқа елдердің тәжірибесі зерделеніп жатқанын айтты.

«Мысалы, Үндістанда далалы жерде тұратындарда әжетхана жоқ. Адамдар әжетін көшеде өтей береді. Сол себепті мемлекет үкімет ақшасы арқылы, МЖӘ арқылы әжетхана салды. Тіпті әр отбасыға дәретхананы өздері салып алсын деп субсидия да берді. Қателеспесем, Үндістанның 2015 жылы басталған бағдарламасы былтыр аяқталды. Бірақ адамдар сол салынған әжетханаларға кірген де жоқ. Себебі үнді халқының менталитеті мұндайға үйренбеген», - дейді Махаббат Исабекова.

Сарапшы Қазақстанда да осыған ұқсас проблема бар екенін жоққа шығармайды. Себебі біздің елде де қоғамдық әжетхананы қолдану мәдениеті әлі төмен.

«Өзіңіз көшедегі кез келген әжетханға кіріп көріңізші, өте лас. Бұл олқылықты жою үшін қандай да бір заманауи технологияны қолдану керек. Мысалы, кей елдердегі унитаздар адам әжетін өтеп болған соң өздігінен тазаланып, дезинфекция жүреді. Бірақ ол өте қымбат. Сондықтан бізге арнайы тазалаушы ұстап, қызметкер жалдау керек. Олар штаттық негізде жұмыс істеуі үшін әжетхана көп болуы қажет, олардың гигиеналық заттары да тегін емес», - деп бәрі қаржыға тірелетінін алға тартты.

МЖӘ әжетхана мәселесін шеше ала ма?

МЖӘ туралы заңға 2017 жылы енгізілген өзгерістер бойынша «Бағдарламалық МЖӘ» атты бағыт бар. Қазір Ұлттық экономика министрлігіне қарасты «Қазақстанның мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы» АҚ «Қазақтуризм» компаниясымен бірге әжетханаларды осы бағыт бойынша салып, пайдалануға бермек. Оның тиімділігі сол, мемлекет әжетхананы салған компаниямен ұзақмерзімді келісімшартқа отырып, кеткен шығындарды өз мойнына алады. Себебі, жоғарыда айтқанымыздай, әжетханалар өз алдына пайда әкелмейді. Ал туристік орталықтардағы ақылы әжетханалар тек маусым кезінде жұмыс істейді.

«Мемлекет бұған дейін әжетхана салуды басқа жолдармен, мемлекеттік сатып алу жолымен жүзеге асырғысы келген. Бірақ оның қиын екенін түсініп, осы бір ай шамасында ғана МЖӘ арқылы істеуге шешім қабылдап, бізді көмекке шақырды. Себебі мемлекеттік сатып алуда келісім 2-3 жылға ғана жасалады да, кейде кәсіпкер ол уақыт аралығында кеткен шығынды қайтара алмайды. Сондықтан оларға мұндай жобалар қызықсыз», - дейді «Қазақстанның мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Айдос Кубетов.

Қазақстанда талапқа сай 10 мың әжетхана жетіспейді

Қазір орталық компанияларға инвестицияның қайтарылымы бойынша қаржылық модель әзірлеп жатыр. Сол арқылы әжетханалар бірнеше категорияға бөлінеді. Кей әжетханалар нарыққа қызмет көрсету арқылы ақылы жолмен пайда табады, тегін пайдалануға берілетіндерінің қызметіне кеткен шығынды мемлекет жабады.

Мемлекет пайдасы жоқ бизнестен пайда табудың бірнеше жолын қарастырып жатыр. Біріншісі – қолжетімділік үшін төлем. Бұл механизмді сарапшы Махаббат Исабекова мемлекеттің сыйақысы ретінде болатынын айтты.

«Қолжетімділік үшін төлем дегенді тікелей түсінуге болады. Кәсіпкер халыққа қолжетімді қызмет түрін ұсынады. Мемлекет сол үшін ақша береді. Мысалы, ауылда 10 жыл бойы аурухана болмай келіп, бір күні кәсіпкер соны салса, оған мемлекет алғыс ретінде қандай да бір сыйақы ұсынуы», - деп түсіндірді.

Екінші жолы – құрылысқа салынған қаржыны мемлекет толық қайтарып береді. Бірақ әзірге әжетханалар құрылысы үшін қандай механизм пайдаланылатыны нақты белгісіз.

Ең бастысы - туристік орындарды әжетханамен қамтамасыз ету проблемасы 2025 жылға дейінгі туризмді дамыту бағдарламасына енді. Аталған салада бұған дейін де 600 жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жасалған.

Қазір мемлекет шығынын қайтарып беретін емес, сол жоба арқылы өзі ақша табуға ұмтылатын кәсіпкерлерді іздеп жатыр. Осындай бастаманы кәсіпкерлердің өзі көтеріп, Мәдениет және спорт министрлігіне арнайы бағдарлама да ұсынған. Елге барлық гигиеналық-санитарлық талаптарға сай 10 мың әжетхана жетпейтінін айтқан да солар еді.
Просмотров материала: 0