Атырауда әскери қызметкер менингиттен көз жұмды

2019-10-28 10:00:30
Атырауда әскери қызметкер менингиттен көз жұмды
Атырауда әскери қызметкер менингиттен көз жұмды. Дәрігерлер оны құтқаруға тырысқанымен, мүмкін болмады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».

Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасындағылардың сөзінше, 26 қазанда әскери бөлімнің фельдшері облыстық ауруханаға әскери қызметкерді жеткізген. Бұл кезде оның жағдайы ауыр болған екен. Дәрігерлер пациентке алдын ала менингококк инфекциясының тез асқынатын түрі деген диагноз қойыпты.

Ауруханадағылар пациентке қарқынды ем-дом жүргізгенімен, арада 5 сағат өткеннен кейін көз жұмды.

Алдын ала мәлімет бойынша әскери қызметкер 26 қазанда медициналық көмекке жүгінген. Сарбаз әскери бөлімге 16 қазанда келіпті.

«Денсаулық сақтау басқармасы оқиғаны тексеру үшін комиссия құрды. 27 қазанда әскери бөлімде індет тарауына қарсы, профилактикалық шаралар жүргізді. Науқаспен байланыста болғандардың барлығын дәрігерлер тексеріп, антибиотикпен емдеу тағайындалып, жүргізіле бастады. Әскери қызметкермен байланыста болғандардан менингококк инфекциясын жұқтырып алды деп күдіктелгендер анықталған жоқ. медициналық бақылау жүргізіліп жатыр», - делінеді хабарламада.
Просмотров материала: 0