Павлодар облысында жеті адам уланып көз жұмды: оқиғаға қатысты жаңа деректер шықты

2022-06-02 08:20:21
Алдын ала деректер бойынша қаза болған адамдар ішкен белгісіз сұйықтық шаруа қожалығынан ұрлап әкелінген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Мұндай деректі баспасөз жиынында Ертіс ауданының әкімі Аян Бейсекин мәлім етті.
"Әрине, бұл қайғылы өте ауыр жағдай. Қаза болған тұрғындар әлеуметтік жағдайлары төмендеу азаматтар. Көбіне отбасылары жоқ жалғызбасты ер адамдар. Ішінде әкесі мен баласы болды. Олардың жұбайлары жоқ", - деді Аян Бейсекин.

Аудан әкімінің айтуынша, қаза болғандардың барлығы жергілікті шаруа қожалықтарында жұмыс істеген. Алайда, бәрі ішімдікке құмар азаматтар болған.

"Оқиғаға қатысты алдын ала ақпараттар бар. Ішіндегі бір азамат өзі жұмыс істеген шаруа қожалығынан сұйықтықты ұрлап келген болуы мүмкін. Оқиға содан басталған. Табылған зат сот медициналық сараптамаға тапсырылды. Шешімін күтеміз. Құзырлы органдар тергеуді аяқтаған соң оқиғаға қатысты ақпарат толыққанды айтылады", - деді Аян Бейсекин.

Естеріңізге сала кетейік, 26 мамырда Ертіс ауылының тұрғындары белгісіз сұйықтықты тұтынып, салдарынан келесі күндері жеті адам қайтыс болған.

Сұйықтықтың шыққан жері белгісіз, Ертіс ауданының тұрғынынан алынған ыдыста сақталғаны анықталды.