Қазір Академия Ғылым туралы ұлттық баяндама әзірлеумен ғана шектеліп отыр – Тоқаев

2022-06-01 16:20:13
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық ғылым академиясының 75 жылдығына арналған салтанатты сессияда сөз сөйлеп, ғылым ордасының қазіргі қызметіне баға берді.

Қазір Академия Ғылым туралы ұлттық баяндама әзірлеумен ғана шектеліп отыр. Сондай-ақ, салалық журналдар шығарады. Бар болғаны – осы.

Ғылым академиясының бүгінгі тыныс-тіршілігін сынға алған президент оның әлеуеті және мүмкіндігі әлдеқайда зор екенін атап өтті.

Бүгінгі ахуалына қарап, Академияның болашағы бұлыңғыр деп санайтындар, өкінішке қарай, аз емес. Тіпті, академиктердің өздері де оған күмәнмен қарайды.

Тоқаев қазақстандық ғалымдарды марапаттады

Әлемдік тәжірибеде «мемлекеттік мәртебе беріледі немесе тәуелсіз коммерциялық емес ұйым ретінде жұмыс жүргізетінін» айта келе, мемлекет басшысы ғылым мекемесінің оның кадрлық және институттық әлеуеті әлі де жоғары екенін баса айтты.

Біз түрлі жағдайға байланысты бір кезде өзгеше жолды таңдауға мәжбүр болдық. Ұлттық ғылым академиясы көптеген қоғамдық ұйымның қатарына қосылып кетті. Салдары қандай болғанын қазір көріп отырмыз. Дегенмен, оның кадрлық және институттық әлеуеті әлі де жоғары. Өмір бір орында тұрған жоқ. Күн санап өзгеріп жатқан қазіргі заманда бұрынғы жетістіктерге марқайып отыруға болмайды.