Жаңаөзенде жаңа туған нәрестені пәтерде жалғыз қалдырып кеткен

2022-06-01 08:20:25
Жаңаөзендік құтқарушылар пәтерде қараусыз қалған шақалақты құтқарды, деп хабарлайды Tumba.kz.

Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің мәліметінше, оқиға Рауан шағынауданында болған. Құтқарушыларға сәбидің жылап жатқаны туралы хабарлама көршілерінен түскен.

Мекенжайға жеткен өрт сөндіру қызметінің қызметкерлері 3-қабаттың терезесіне үш аяқты баспалдақ орнатып шыққан.

«Полиция мен құтқарушылар пәтерге кіргенде, ата-анасының немесе өзге де ересектердің қарауынсыз қалған сәбиді көрген. Белгілі болғандай, баланың дүниеге келгеніне небәрі 15 күн болған», - делінген хабарламада.

Айта кетерлігі, қалалық құтқарушылар бір аптаның ішінде 10 рет құтқару жұмыстарына шыққан. Мәселен, Қарақия өңірінде Бозжыра жолындағы 200 метр биік тауға шыққан туристер қайтып төмен түсе алмай қалған. Құтқарушылар екі адамды төмен түсірген.

Сондай-ақ Ақтауда тағы бір ер адам құтқарылды. Ол қайықпен теңізге шығып, қатты толқын салдарынан жағаға орала алмаған.

Ал Ақтау ықшамауданынан түскен қоңырау бойынша жеткен құтқарушылар 55 жастағы ер адамның мас болғаннан өз пәтеріне кіре алмай қалғанын анықтады.

Сонымен қатар бірі үйдің жертөлесінде, қалған екеуі ағаштан түсе алмай қалған мысықтарды құтқарған.