Нұр-Сұлтандағы қант тапшылығы: Сұлтанов тауардың дүкендерде қашан пайда болатынын айтты

2022-05-31 12:20:17
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов елде қант тапшылығының неліктен болғанын түсіндірді.

Министрдің айтуынша, бұл Ресей Федерациясының экспортқа тыйым салуымен байланысты.

ЕЭК Кеңесінің 2022 жылғы 15 сәуірдегі шешімі аясында Қазақстан Республикасына 2022 жылғы 31 тамызға дейін 350 мың тонна көлемінде ақ және шикі құрақ қантты бажсыз әкелу құқығы берілді, – деп жауап берді Сұлтанов «Ашық диалог» порталындағы Нұр-Сұлтан тұрғындарының бірінің сауалына.

Сонымен қатар министр қазір Қазақстан аумағы арқылы өтетін теміржолдарда қант тиелген 152 вагон (10 мың тоннадан астам) жүріп жатқанын түсіндірді.

Министрдің айтуынша, 30 мамырда қант Нұр-Сұлтанға келген.

Қантты бір ірі сауда желісі сатып алды. Тауар сауда орындарына таратылып, келесі күні сөрелерде болады.


Бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрлігі «елді қантпен қамтамасыз ету мәселесі үкіметтің тұрақты бақылауында» деп мәлімдеген еді.