Судың жоқтығынан жайылымдық жерлердің 60 пайызын пайдалана алмай отырмыз

2022-05-31 08:20:22
Қазақстан аграрлық ел бола тұра көптеген азық-түлік түрін шетелден импорттайтынымыз өкінішті. Сүт және сарымайдың бір бөлігі сырттан жеткізіледі. Тауық етін тіпті мұхиттың арғы бетінен алдырамыз. Өзімізде жеткілікті көлемде өсірілетін бір өнім түрі бар, ол – бидай. Дегенмен соңғы жылдары қуаңшылықтың кесірінен астықтың түсімі төмендеп кеткені белгілі. Егіншілік не істесек экономиканың негізгі тірегіне айналады? Бұл туралы Azattyq Rýhy тілшісі А.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының басқарма төрағасы, АШ ғылымдарының докторы Нұрлан Серекпаевпен сұхбаттасты.

– Жақсы тұқым – мол өнімнің кепілі. Соңғы уақытта шаруалар қолына не түссе соны егіп, өнімділік төмендеп кеткен сыңайлы. Қуаңшылық та өз зиянын тигізіп отыр. Ғалымдарымыз табиғаттың тосын мінездеріне төтеп бере алатын тұқымдарды неге шығармайды? Неге ғылымның үлесі байқалмайды?

– Ақмола облысында он элиталық және 30 жай тұқым шаруашылығы бар. Бұл шаруашылықтар элита, суперэлита, бірінші-үшінші репродукциялы тұқымдарды өндіреді. Яіни әрбір шаруашылықты тұқыммен қамтамасыз етуге қауқарлы. Бұл жерде дәнді дақылдар, соның ішінде жаздық бидайды айтып отырмын.

Ал енді басқа дақылдарға келетін болсақ, мысалы мал азығына арналған шөптер жайлы айтқанда сұранысты толық жаба алмай отырғанымыз рас. Бұл мәселені жасырмаймыз. Солтүстік Қазақстан өңіріндегі тұқым шаруашылықтары шөптердің тұқымдарын шығарумен көп айланыспайды. Негізінен бидай, арпа, сұлы дақылдарына басымдық береді. Тікелей біздің орталыққа қарасты егіс алқаптарының көлемі шағын, сондықтан тұқыммен толық қамтамасыз етуге шамамыз жетпейді. Мәселені шешу үшін әрбір облыстағы элиталы тұқым шаруашылықтары егіс көлемін көбейтуі керек. Біз белгілікті бір тұқымды арнайы питомниктерде шығарамыз да, соны тұқым шаруашылықтарына береміз, олар көбейтіп, ары қарай өзгелерге таратулары керек. Шаруашылықтар өздерінің алқаптарында малдың жемазығын өсіріп, олардың тұқымын көбейте берсе деген тілегіміз бар.

Біздің ғалымдар шұғыл континентальды климатқа арналған сорттарды шығарып жатыр. Ол жағынан бір орында тұрған жоқпыз. Мысалы, қазір бізде малдың азығына арналған 12 дақыл түрі бар. Арасында біржылдық та, көпжылдық та шөптер бар.

Біз шығарған жемазықтық дақылдар тек солтүстікте ғана емес, орталық және батыс өңірлерде де өсіріліп жатыр. Одан қалды Ресей мемлекетінің далалы аймақтарындағы шаруашылықтар тарапынан да сұраныс бар.

– Сіздерде шығарылған элиталық тұқымдарға жеке-жеке тоқтала кетсеңіз. Өнімділіктері қалай?

– Біздің орталық қазіргі таңда жаздық бидайдың сегіз сұрыбымен жұмыс істеп жатыр. Былтырғы жылы «Таймас» деген жаңа сорт шығардық. Бұл – қуаңшылыққа өте төзімді сұрып. Қазіргі тауар өндірушілердің талабы бойынша бидайдың сабағы қысқа, ал масағы өте биік болуы керек. «Таймас» соған сай. Бұдан бөлек егістіктің түрлі зиянкестеріне де өте төзімді. Биылдан бастап оны көбейтіп жатырмыз, бір-екі жылда тауар өндірушілер арасында көбірек таратуға мүмкіндік жасаймыз.

Басқа да сұрыптармен жұмыс істейміз. Соның ішінде тағы екі сортымыз мемлекеттік тіркеуге жіберілді. «Памятка Аскарбаева» және «Татьяна» деген сорттар. «Әл Фараби» деген үш сұрып шығармақшымыз. Енді өнімділікке келетін болсақ. Гектарынан 40 центнерге дейін өнім алуға болады. Былтырғы қуаңшылық жылы біздің сұрыптар 25-30 центнерден берді.

Бұл жерде ескеретін жайт, агротехникалық талаптар сақталмаса біздің сұраптардан да төмен өнім алып қалуға болады. Шаруашылықтар бізді кінәламастан бұрын осыны ескерсе екен дейміз. Әрбір сорттың агротехникасын дұрыс жасаса, әрбір элементті қолданатын болса, онда әрине жақсы өнім алады. Кейбіреулерінің қаражаты аз болғандықтан оған қолдары жетпейді, ал технологияны толық пайдаланбаса өнімділік төмендейді.

– Өткен жылы қуаңшылық болып, шөп шықпай қалды, кесірінен қамшама мал қырылды. Климат жылда құбылып жатыр. Мәселені қалай шешеміз? Құрғақшылыққа төзімді шөп сұрыптары жоқ па?


– Мал шаруашылығына келетін болсақ, соңғы 30 жылда мал тек жеке меншіктің қолында ғана өсті. Қазірдің өзінде барлық малдың 80 пайызы ірі шаруашылықтардың қолында емес, керісінше жеке адамдардың қораларында тұр. Ал жеке адам малды асылдандыру жайлы ойламайды, тың технологияларды қолданбайды, өздеріне тиесілі егіс алқаптары жоқ, малды ауылдың маңайында бағады.

Ал жалпы алып қарайтын болсақ, елімізде 182 миллион гектар жайылым бар. Бүгінгі таңда соның 62 миллион гектары ғана қолданылады. Ал қалған жайылымдар бос жатыр. Себебі, көбі шалғайда орналасқан, тағы бір күрделі мәселе – сол жайылымдардағы судың тапшылығы. Бұрынғы құқдықтардың бәрі істен шыққан, су болмағандықтан сол жерлерде мал жаю қиын. Ең бірінші кезекте судың көзін табу қажет. Бұрын ата-бабалырымыз малды қыста қыстауда, жазда жайлауда ұстаған ғой. Соның бәрін қайтадан жандандырған жөн. Сонда ғана бос жатқан жайылымдар өз тиімділігін көрсетеді.

Соңғы екі жылда еліміздің оңтүстігі болсын, батысы болсын, тіпті солтүстікте де қуаңшылық болды. Жауын-шашын болмағандықтан шөп дұрыс шықпай қалатыны белгілі. Шөп шықпағандықтан жайылымдардың өнімділігі төмендейді, соған байланысты мал да дұрыс қоң жинай алмайды. Оңтүстік пен батыста арық мал қыстан шыға алмай қырылғанын бәріміз білеміз. Бұл жерде ескеретін тағы бір жайт, мал шаруашылығымен айналысу үшін, оның басын көбейту үшін, ең бірінші кезекте, жемазығын ойлауың керек. Алдын ала дайындау қажет. Ол бір-екі жыл алға дайындалады, қыстың қалай болатыны, жазғы қуаңшылық, көктемнің кеш шығуы, бәрі ескеріледі.

Өкінішке қарай, қазіргі кезде жекеменшіктегі көптеген шаруашылықтар малдарын тіркемейді, төрт түліктің санын көрсеткісі келмейді. Оны көрсетпеген соң ауылдық, аудандық әкімдіктер қанша мал барын, оған қанша азық керектігін қайдан білсін? Бүгінде ауыл шаруашылығы министрлігі және жергілікті әкімдіктер тарапынан бұл мәселеге жіті көңіл аударылып жатыр. Жемазық қорын жасау үшін жеке субсидиялар да бөлінуде. Мысалы, биылдан бастап мемлекет ақша бөліп, жемазық қорын жасамақшы, бұл бағаны тұрақтандыру үшін қажет. Өйкені қуаңшылық жылдары жем-шөптің бағасы шарықтап кететіні белгілі. Ол неге өседі? Өйткені өте аз, ал сұраныс көп болғандықтан қымбаттайды. Нарықтың заңы солай. Кейбір жеке шаруашылықтар қымбат жемазықты ала алмай, шығынға ұшырады. Ел бойынша алып қарайтын болсақ жемшөп тапшылығы негізінен батыс пен оңтүстік өңірлерде тіркелді. Ал қалған аймақтарда ондай тапшылық болған жоқ.

– Енді астық мәселесіне оралсақ. Бізде өндірілетін астықпен өз нарығымызды толық қамтамасыз ете аламыз ба? Тапшылық жоқ па?

– Бидайға келетін болсақ, біз өзімізде өсірілген астықпен нарық сұранысын толық жаба аламыз. Жоғарыда 20 миллион гектар егістік бар дедім ғой, соның 16 миллион гектарына бидай егіледі. Әр гектарынан орташа есеппен 9-10 центнерден өнім алғанның өзінде әрбір жан басында шаққанда бидаймен қамтамасыз етілу жағынан әлем бойынша бірінші орында тұрмыз деп айтуға болады. Жыл сайын шамамен 3,5 миллион тоннадай қор жинақтаймыз, сол бізге жеткілікті.

Артылғанын шетелге экспортқа шығаратын елдердің қатарындамыз. Бұл – стратегиялық өнімнің бірі.

– Соңғы жылдары ауыл шаруашылығы саласында көптеген бағдарламалар қабылданды. Солардың тиімділігі қаншалықты? Есептеп көрген біреу бар ма?

– Ауыл шаруашылығында бағдарламалар өте көп. Жалпы ауыл шаруашылығы министрлігінің стратегиялық бағдарламалары бар, соның негізінде жұмыс жүргізіледі. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне әртүрлі қолдаулар көрсетудің тетіктері нақтыланған. Нақтырақ айтатын болсақ, минералдық тыңайтқыштар алуға субсидия беріледі, өсімдіктерді зиянкестерден, аурулардан, арамшөптен қорғайтын пестицидтердің бағасы өте қымбат, әрбір шаруашылықтың оған қолы жетпейді, сол себепті оған да мемлекет тарапынан судсидия беріледі.

Тұқымға келетін болсақ, элиталы тұқым алу үшін де субсидия бар. Былайша айтқанда, мемлекет жарты ақшасын қайтарып береді. Асыл тұқымды мал сатып алушылар, ет пен сүт өндірушілер де қолдауға ие. Мемлекеттің қаражаты барлық шаруашылыққа бірдей жетпеуі мүмкін. Бірақ мүмкіндігінше қолдау көрсетіліп жатыр.

– Қазақстан бидаймен ғана емес, кезінде ет және сүт өнімдерімен де өзін-өзі қамтамасыз етті. Қазір неге импортқа тәуелдіміз. Территориясы бізден әлдеқайда кішкентай Беларусь бізге ет экпорттайды. Осының себебі неде? Әлде олардың технологиясы жақсы ма?


– Шынында да, елімізде өз-өзімізді толық қамтамасыз ете алмай отырған өнімдер бар. Соның ішінде қантты айтуға болады. 60 пайыздайы ғана өзімізде шығарылады. Ал енді мал шаруашылығы өнімдерінен ет, сүт және май да жеткіліксіз көлемде өндіріледі. Көкөніс те тапшы. Ал өсімдік шаруашылығына келер болсақ, нан өзіміздікі, әртүрлі жарма дақылдары да бізде өсіріледі. Сұйық май да жеткілікті.

Беларусьтың шаруаларымен бізді салыстыруға болмайды. Себебі климаттық жағдай басқа. Климатымыз құбылмалы, ылғал жетіспейді. Көктем кеш келеді, күз ерте түседі дегендей. Өзіндік құны төмен болғандықтан, бағасы да арзан, сондықтан бізге Беларусьтен көп әкелінеді.

– Қолымыздағы телефонды алайықшы, жыл түгілі ай сайын жаңасы шығып жатыр ғой. Ал ауыл шаруашылығында сол 50 жыл бұрынғы техника әлі жүр. Оны қалай жаңарту керек?

– Еліміздің машина-трактор паркіне келетін болсақ, бұл жағынан ақсап жатқанымыз рас. Соңғы кездері кей облыстарда, соның ішінде Ақмола және Солтүстік Қазақстан облысында комбайн, трактор шығаратын зауыттар салынып жатыр. Дегенмен, әлі де негізгі бөлігі шеттен сатып алынады. Бұл мәселе біртіндеп шешілуде. Ірі және орташа шаруашылықтар парктерін жаңартып жатыр, ал енді шағын шаруашылықтардың бұған қолы жете бермейді. Заманауи техника өнімділікке әсер етеді. Сондықтан жаңарту керек.