550 шар, 600 метр мата: Аймағамбетов барған астаналық мектеп 860 мың теңгеге соңғы қоңырау өткізді

2022-05-26 12:20:17
Білім және ғылым министрі кеше Нұр-Сұлтандағы №75 мектепке барып, соңғы қоңырау салтанатына қатысты. Мектеп бітіру кешіне жергілікті бюджеттен қанша қаражат жұмсалғаны белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Асхат Аймағамбетов Нұр-Сұлтан қаласындағы №75 мектеп-гимназиясына барып, соңғы қоңырау мерекесіне арналған салтанатты сапқа қатысты. Ол түлектерді мектеп бітіру күнімен құттықтап, педагогтерге еңбектері және ата-аналарға балаларға көрсеткен қолдаулары үшін алғыс айтты», - деп хабарлады кеше, 25 мамыр күні Білім министрлігінің баспасөз қызметі.

550 шар, 600 метр мата: Аймағамбетов барған астаналық мектеп 860 мың теңгеге соңғы қоңырау өткізді


Azattyq Rýhy министрдің «әдемі» сөзінен бөлек, бұл мерекелік соңғы қоңырау елордалық салық төлеушілердің, яғни қала әкімдігінің бюджетін қанша сомаға таязытып кеткенін анықтады.

Өйткені, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің шаруашылық жүргізу құқығындағы «№75 мектеп-гимназиясы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны 5 мамыр күні мемлекеттік сатып алу сайтына соңғы қоңырау өткізуге қажетті лот жариялаған.



5 мамыр күні жарияланған лотты 16 мамырда Қызылорда облысында тіркелген жеке кәсіпкер Ақмаржан Ералы жеңіп алған. Лоттың құны – 862 000 теңге, мақсаты – соңғы қоңырау мен түлектер кешін безендіру.

Лоттың техникалық сипаттамасына сай, 20 сәндік композиция, диаметрі кемінде 12 дюйм болатын кемі 550 дана шар, декорацияға қажетті 600 метр мата сатып алған.



Айта кетейік, еліміздің бірнеше өңіріндегі мектептер соңғы қоңырауға дайындалу үшін мемлекеттік сатып алу сайтына 15 мың, 25 мың, 50 мың теңгенің, яғни министр келетін мектептің бюджетінен қарағанда орташа есеппен бірнеше есе аз ақша жұмсаған.

Білім министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Нұр-Сұлтан қаласындағы №75 мектеп-гимназиясында 3 464 оқушы білім алады, оның 201-і 11-сыныпты және 192-сі 9-сыныпты аяқтап отыр.

Ал ашық дереккөздерден анықтағанымыз, мектептің директоры – Салтанат Тоғатаева. Ал мектептің қамқоршылық кеңесінде «Самұрық-Энерджи» компаниясының қызметкері, Нұр-Сұлтан қаласы бас прокурорының көмекшісі, ҰҚК қызметкері, емхана директоры бар.