Санкциядан қорыққан қазақстандық банктер ресейліктерге қойылатын талапты күшейтпек

2022-05-25 08:20:14
Қазақстандағы банктерден карта ашып жатқан шетелдіктер саны еселеп артуда. Олар елдегі екінші деңгейлі банктердің клиенті болу үшін бар болғаны ЖСН мен отандық операторлардан SIM-карта алса жеткілікті. Бүгінге дейін осындай жолды 40 мыңдай шетел азаматы пайдаланған. Ал Ұлттық банк қаржы ұйымдарына ережені қатаңдат деп талап қоя алмайды екен, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Дегенмен кей банктер «сақтықта қорлық жоқ» деп, Ресей азаматтарына шот ашу үшін елде оқып, жұмыс істейтін немесе бизнеспен айналысатын растайтын қосымша құжат сұрай бастады. Мамандар мұны санкцияға ілікпеудің амалы деп топшылайды. Себебі, шектеуден көз ашпаған көрші ел азаматтары ақшаларын шетел асыру үшін төте жол іздеуі әбден мүмкін.

Ресей азаматы Денис Гаркин жұмыс бабымен шетелге жиі сапарлайды. Алайда санкция салдарынан ресейлік банк картасымен сырт мемлекетте төлем жасау мүмкін емес. Сондықтан ол тығырықтан шығу үшін қазақстандық банктің клиенті атанған.

«Мен Қазақстанға өткен жұмада келдім. Кеше ЖСН жасатуға бардым. Бір күннің ішінде дайын болды. Жергілікті операторлардан SIM-карта сатып алып, нөмірімді қостым. Енді eGov-тан цифрлық құжат жасатамын. Сосын елордадағы екінші деңгейлі банктерден шот ашуды жоспарлап отырмын. Менің ойымша, қиындықтар болмайды», - дейді Ресей азаматы Денис Гаркин.


Үш ай бұрын Visa және Mastercard халықаралық төлем жүйесі Ресейде жұмысын тоқтатқан болатын. Сол уақытта Денис сынды азаматтар шекара асып, елге ағылды. Статистикаға сүйенсек, наурыз айынан бері Қазақстанда ЖСН жасатқан ресейліктердің саны 40 мыңға жуықтаған. Себебі, Қазақстандағы екінші деңгейлі банктерден шот ашу жеңіл. Тек санкциядан қауіптенген санаулы ғана банк карта бермес бұрын елде оқып, жұмыс істейтінін немесе бизнеспен айналысатынын растайтын қосымша құжат сұрайды. Ал Ұлттық банк өкілдері қаржы ұйымдарының барлығына бірдей талап һәм шектеу қоя алмаймыз деп отыр.

Экономистер Қазақстандағы екінші деңгейлі банктер ресейліктерге шот ашпас бұрын азаматтарды толық тексеру қажет деп есептейді. Өйткені, банк картасын алған адам санкция тізімінде болуы да мүмкін. Сонымен қатар өз елінде шектеуге іліккен банктердегі қаржысын алу немесе шетел асыру үшін түрлі қитұрқылыққа баруы үшін біздің банктерді төте жол ретінде пайдалануы да ғажап емес. Салдарынан отандық қаржы ұйымдарының беделіне һәм қызметіне нұқсан келеді.

«Менің ойымша, банктер санкцияға ілігуден қорқады. Санкция тізімінде тұрған адамға карта беріп, шот ашып берсең осы қазақстандық банктың барлық шотын бұғаттап тастауы мүмкін. Өте қауіпті. Шетелге ақша шығару үшін біздің карталарды пайдалана ма ол жағы да белгісіз. Бақылауды күшейтіп жатқан банктердің қадамын құптаймын. Барлық шетелдік азаматқа оңды-солды карта ашып беру дұрыс емес», - дейді экономист Арман Бейсембаев.

Мамыр айына дейін банк картасын көрші ел азаматтары қашықта отырып-ақ алатын. Тіпті осы қызметті ақылы түрде атқаратын пысықайлардың сан түрлі хабарландыруы да интернетте қаптаған еді. Алайда қазір Қазақстандағы банктер шетелдіктерге шот ашу үшін міндетті түрде бөлімшеге келуді міндеттеді. Соған қарамастан Visa немесе MasterCard банк картасын елімізде ашқысы келген ресейліктердің саны азайған жоқ. Себебі, банктердің көбі шетелдіктерге жеке сәйкестендіру нөмірі арқылы ғана карта беруді жалғастырып жатыр.