Тоқаев ОДКБ-ның бітімгерлік ұйымға трансформациялануын қалайтынын жіткізді - Мұхтар Түменбай

2022-05-20 08:20:36
ҰҚШҰ (ОДКБ) саммиты жайлы бірер ойыммен бөліссем деп едім. Бірден айтайын, саммит суреттеріне қарап бал аша алатын өнерім жоқ.

Осындағы көп адам ОДКБ жиынынан түсірілген суреттерге қарап ондағы атмосфераның біршама салқын болғанын болжады. Рас, солай болған болар. Оған себеп те жоқ емес. Жабық есік форматында өткен мемлекет басшыларының кездесуінде не әңгіме болғаны беймәлім. Десе де, көпшілік алдында жасалған ресми мәлімдемелердің өзін мұқият тыңдасаң көп нәрсені аңғаруға болады.

Біріншіден, ұйымның 20 жылдық тарихында алғаш рет оған мүше елдердің позициялары әркелкі екені анық байқалды. Басқасы-басқа, мемлекет басшыларының ұйымның басты міндеттері мен мақсаттарын түсінуде көзқарастары алшақ болып шықты. Мәселен Белоруссия Президенті үнемі ОДКБ-ны НАТО-мен, ЕуроОдақпен салыстырып, ұйымды соларға қарсы күштік одақ ретінде көрсеткісі келді. Тіпті мүше елдер ұйымдық қатаң тәртіпке бағынуы тиіс деп соқты. (оның қолтығына кім су бүркіп отырғанын тек болжай аламыз). Ал Қазақстан тарапы керісінше, ОДКБ БҰҰ сияқты әлемнің бейбіт дамуын қолдайтын ұйымдармен бірлесуі керек деп санайтынын анық айтты. Армения Азербайжанмен соғыста ұйым тарапынан қолдау көрмедік деген өкпесін жасырып қалмады. Тәжікістан мен Қырғызстанның өз арасында бұрыннан келе жатқан шекаралық кикілжіңі бар. Бір сөзбен, әрқайсысы байтал түгіл бас қайғы болып отырған кезге тап болды бұл саммит.
Бүкіл Ресей бұқаралық ақпарат құралдары Ұжымдық Қауіпсіздік Шарт ұйымын кәдімгідей мызғымас күш ретінде көрсеткісі келгенімен, мемлекет басшыларының көзқарастарындағы мұндай алшақтық ұйымның ішкі тұрақсыздығын байқатады.

Екіншіден, Кей отандық саясатшылар Ресей ҰҚШҰ мүшелеріне, оның ішінде нақты біздерге, Украинамен арасындағы жанжалына қатысу жөнінде ұсыныс жасаған жоқ, ол да олжа деп бағалап отыр. Олай болса, бұл саммитті ұйымдастырудың және оны дәл Мәскеуде өткізудің не қажеттігі болды? Кімге керек болды мұндай декоративтік спектакль?

Оның жалғыз себебі бар. Кремль, АҚШ пен НАТО-ға "менің де одақтастарым бар, менің де өз әскери блогым дайын" деген сес көрсетпекші болды. Алайда, қарсыластарына арналған бұл месседж тиісті нәтижесін бермеді. Және оған себепкер болған Тоқаев. Өзінің мәлімдемесінде Қазақстан Президенті бүгінгі таңда басты назарды батысқа емес, оңтүстіктегі Ауғаныстан аймағына аудару қажет деуі Мәскеу мен Минскінің қолда бар картасын шатастырып жіберді. Мұндай мәлімдеме жасауға Тоқаевты тек қаңтар оқиғасы итермелеген жоқ. Осыдан біраз бұрын АҚШ Ауғанстан мемлекетінен өз әскерлерін ерікті түрде шығарып әкетті, сөйтті де елдегі билікті талибтерге қолдан қолға ұстатқандай етіп беріп кетті. АҚШ-тың бұл қадамы Орта Азия елдерінің оңтүстік шекараларының тұрақсыз аймаққа айналуына септесті. Қалыптасқан жағдай жалғыз бізді емес, ең алдымен Тәжікістан мен Қырғызстанды мазалауы тиіс. Сондықтан да, бұл жерде Тоқаев өзінің ғана емес, оңтүстік көршілеріміздің де ұстанымын білдірді деуге болады.

Үшіншіден, содан кейінгі оның ОДКБ, аймақтық қауіпсіздік ұйымы ретінде БҰҰ сияқты ұйымдармен бірлесе, ақылдаса отырып жұмыс істегені дұрыс дегені тіпті бәрін тығырыққа тіреген сыңайлы. Мұндайды әсіресе Ресей мен Белоруссия тарапы күтпеді. Жиынға қатысқан ешбір тарап бұған не қарсымыз, не қолдаймыз деп жауап бере алмай да қалды. Тоқаевтың бұл мәлімдемесі шын мәнісінде түбегейлі бетбұрыстық ұсыныс болды десем артық айтпаймын. Себебі әу баста ОДКБ, белгілі бір мемлекеттерге ықпал ететін күш ретінде емес, тек аймақтық ішкі қауіпсіздікті қамтамасыз ететін ұйым болып құрылған болатын. Оны енді НАТО-ға қарсы күш ретінде көрсету дұрыс емес, біздің арамызда ондай уағдаластық жоқ деген ой жатыр Тоқаевтың сөзінің ар жағында. Ол ОДКБ-ның саяси-әскери ұйымнан бітімгерлік ұйымға трансформациялануын қалайтынын жіткізді. Бұл сөздер де батыстағы естір құлақтарға анық жеткен болар.

Журналист Мұхтар Түменбайдың желідегі жазбасы