«Ақылды терезе» балаларды құлап кетуден қорғап қала ала ма

2022-05-13 08:21:47
Сәуір айында Қарағандыда тұрғын үйдің 5-қабатынан құлаған 2 жастағы қыз бала әлі күнге дейін ем алып жүр. Құлағанда денесінің сау тамтығы қалмаған. Дәрігерлер ем-домын жасап, енді оңалту шарасынан өткізіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24» арнасы.

Өкінішке қарай, көп жағдайда баланы аман алып қалу қиын.Тек Қарағанды облысының өзінде жылына 15-20 жағдай тіркеледі екен. Тек сәуір- мамыр айларында жоғарыдан құлап ем алған ондаған бала тіркелді. Олардың ішінде көпқабатты үйдің терезесінен құлағандар да бар.

Сәуірдің 28-і күні Ақтөбе қаласындағы ағайынды Жұбановтар көшесіндегі көпқабатты үйдің терезесінен 2 жасар қыз бала құлады. Қазір дәрігерлердің бақылауында. Он күн бұрын мұндай оқиға Өскеменде де тіркелді. 3-қабаттан құлап ауыр жарақат алған 4 жасар бала ауруханада жатыр.

Жоғарыда айтылған екі оқиға кезінде де үйде ересектер болған. Ойын баласы қауіпті сезбейді, бәрі қас-қағымда болады.

Ақтөбелік оқушылар ойлап тапқан «Ақылды терезе» – ата-аналар үшін таптырмас көмекші. Жеткіншектердің жаңалығы автоматты жүйеге негізделген. Ақылды терезені кез келген уақытта айқара ашып қоюға болады. Сезімтал ультрадыбыстық хабаршы терезеге біреутым жақын келсе, жедел жаба қояды. Белгі берілетін арақашықтықты реттеуге болады.

«Құпия кодтың дұрыс немесе бұрыстығын шағын процессор анықтайды. Тиісті сандарды енгізгеннен кейін ғана қозғалтқыш жүйеге белгі беріп, терезе ашылады. Ал ультрадыбыстық белгі берушіні терезе алдындағы тақтайға шақтап, 7 сантиметрден 7 метрге дейін бағыттауға болады», - дейді Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Әйкен Алтай.

Оқушылардың айтуынша бұл құрылғы орнатылса адамдардың абайсызда жоғарғы қабаттан құлау дерегін азайтуға болады. Сондықтан қауіпсіздікті қамтамассыз ететін терезені жас өнертапқыштар меншіктеп, авторлық құқығын тіркеген. Қолдау болса, патент алып өндіріс ұйымдастырғылары келеді.

статистика өнертапқыш терезеден құлау ақылды терезе