ШҚО-да пробация қызметінен жасырынған 20-ға жуық сотталушы ұсталды

2022-05-10 12:20:21
ШҚО-да жыл басынан бері пробация қызметінен жасырынған 20-ға жуық сотталушы ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz сайты.


Аймақтағы пробация қызметінің мамандары демалыс және мереке күндері күшейтілген түрде жұмыс істеді. Осылайша полицейлермен бірге пробация қызметкерлері жыл басынан бері 20-ға жуық есепке алынған адамды іздестірді, олар бақылаудан әдейі жасырынған.

«Пенитенциарлық жүйенің қызметкерлері криминалдық полицейлермен бірлесіп, іздеуде жүрген адамдарды ұстау бойынша жұмыс жүргізді. Сот үкімімен бостандықта түзелуге мүмкіндік берілген есепке алынған адамдар пробация қызметіне тіркелу үшін келуге, тұрғылықты жерінің өзгергені туралы, сондай-ақ тұратын жерінен тыс аймаққа жоспарланатын сапарлары туралы хабардар етуге міндетті. Алайда сотталғандар сот үкіміне қарамастан, жазаны өтеу шарттарын жиі бұзады және жазаны өтеуден жалтарады», – деді Солжағалау ауданының пробация қызметінің аға инспекторы Ерасыл Төлегенов.

Оның айтуынша, жақын арада есепте тұрған адамдарға жазасын өтеуден жалтару қиын болады.

Осы жылдың сәуір айынан бастап оларға электронды білезік тағыла бастады, оның көмегімен пробация қызметінің мамандары жасырынып қалған есепке алынған адамдардың тұрған жерін оңай анықтайды.