Қазақстанда 4 жоғары оқу орны мен 29 колледж жабылу алдында тұр

2022-04-19 12:20:32
Қазақстанда тағы төрт университет пен 29 колледж жабылады. Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді.

Оның айтуынша, студенттерге сапалы білім беру үшін бақылау екі бағытта жүргізіледі:

сапасыз жоғары оқу орындарын немесе колледждерді жабу және оларды лицензиядан айыру;

жоғары оқу орнын немесе колледжді бейіндеу, бейініне сәйкес келмейтін және сұранысқа ие емес лицензияларды қайтару.

"Қазіргі кезде толығымен 15 жоғары оқу орны және 31 колледж жабылды. Тағы 4 жоғары оқу орны және 29 колледж жабылу сатысында", - деді Аймағамбетов үкімет отырысында.

Сонымен қатар 61 университеттің 500 бағыт бойынша лицензиясы және 375 колледждің 2 200 бағыт бойынша лицензиясы қайтарып алынған. Тағы 15 университет пен 47 колледждің бейініне сәйкес келмейтін лицензияларын қайтару жұмыстары жүріп жатыр.

Мәселен, Аймағамбетовтың айтуынша, мұғалім даярлайтын жоғары оқу орындарының саны 86-дан 50-ге дейін азайса, заңгерлер 72-ден 61-ге дейін қысқарған.

Министр болашақта тек сапалы білім беретін университеттер мен колледжер қалатынын атап өтті.