Жаңа партиялар, жаңа көзқарас, тәуелсіз партияларды тіркеуге мүмкіндік болуы тиіс - А.Қасенғали

2022-04-11 16:20:38
"Бір қызық зерттеу оқып қалдым. Зерттеу болғанда сауалнама ғой. Наурыз айында жасалған екен. Оған 1863 адам қатысыпты. Сауалнаманы жүргізген - Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі.

Арасында мынандай сұрақ бар екен. "Қазақстадағы жақсы өзгерістерді кім жасай алады" деген. Бұл ретте респонденттердің жартысынан көбі (51%) Қазақстандағы өмірдің жақсаруында тікелей Президентке үміт артамыз депті, 20,5%-ы Үкіметке, 15%-ы жергілікті атқарушы органдарға үміт артатынын айтыпты. Ал Парламенттің (Сенат, Мәжіліс) сенімі өте төмен – бар болғаны 14,1% пайыз болыпты.

Осыған қарағанда Парламентке сенім мүлде жоқ сияқты. Бұл дегеніміз Парламенттің қазіргі өкілеттігі аяқталмай (Мәжілістің) сайлау болу керек деп ойлаймын. Жаңа партиялар, жаңа көзқарас, тәуелсіз партияларды тіркеуге мүмкіндік болуы тиіс. Әйтпесе әлемде көбіне Президент пен Парламентке сенім басым болады, ал бізде парламент ең соңында жатыр екен. Әрине, бұл бір ғана зерттеу ғой.

Мына тұсы да қызық. Жауап берушілердің көпшілігі ең басты құндылық ретінде қауіпсіздікті бірінші орынға қойыпты (60,2%). Сауалнамаға қатысушылардың 34,3%-ы үшін ең басты құндылық тәуелсіздік екен, ал 27,2% жауап беруші мемлекеттік көмекті ең құнды деп санайтынын жасырмапты. Сонымен қатар 23,1% әділдікті, 22,5% бостандықты, 19,6% тәртіпті басты құндылық санайтын көрінеді. Ал сіз үшін басты құндылық қандай?"

Блогер Асхат Қасенғалидің желідегі жазбасы.