"Ыңғайсыз екен". Ересек адамның тұсауын кесу рәсімі Желіде талқыға түсті

2022-04-05 12:22:28
Желіде ересек адамның тұсауын кескен сәттің видеосы тарады. Қазақ ересек адамның тұсауын кескен бе? Бұл дұрыс па? Tengrinews.kz тілшісі этнограф Ғалия Қайдауылқызымен сөйлесіп, осы сұрақтардың жауабын алды.

Жазбаға пікір білдіргендер екіге бөлінді. Бір топ осындай ырым бар екенін жазып жатыр:

"Негізі, бұл - құлап-сүрініп жүретін адамға арналған ырым. Ұят емес", "Бұл бір ырымға байланысты жасалған шығар, себебі бар болса керек", "Құлай беретін үлкен кісілерге ырымдап тұсауын кесетін көрінеді".

Ал кейбіреулер бұл көрініс дұрыс емес екенін айтқан: "Тәй-тәй демегеніне шүкір!", "Ырымның да қыры кетті" демекші, кішкентай балапанның тұсауын кесетін еді. Мынау ыңғайсыз екен".


"Тұсау кесу" қандай салт?



Тұсау кеcу - кішкентай сәби қаз-қаз тұра бастаған кезде "тезірек шауып кетсін" деген ізгі тілекпен жасалатын дәстүрдің бірі. Тұсауды ала жіппен кесетін болған. Оның мәні - "ешкімнің ала жібін аттамасын" деген ой. Тұсауды кез келген адамға кестірмеген, үлгі болатындай тұлғаға не ширақ жүретін адамға кестірген. Кейде "көк шөппен" де кесетін болған. Оның да өзіндік астары болған. Көк шөптен есіп жасаса, "көбейсін, көгере берсін" деген ой болған. Тұсау кесетін жіпті малдың тоқ ішегінен де өретін болған. Астарында "бай болсын" деген тілек болған. Тұсау кескен адамға арнайы кәде берілген. Кейін шашу шашылған.

Ересек адамның тұсауын кескен бе?


Видеодан алынған кадр

Этнограф Ғалия Қайдауылқызының айтуынша, қазақта мұндай салт болмаған.

"Сәбидің тұсауын алғаш кескеннен кейін сүрініп-шалынып, жығыла берсе, үш рет қана кеседі", - деді ол.

Ол қай жасқа дейін баланың тұсауын кесуге болады деген сұраққа былай жауап берді.

"Әрі кетсе үш жасына дейін баланың тұсауын кесуге болады. Салт-дәстүрді сақтай алмағандар сайқымазаққа айналдырып, күлдіремін деп бүлдіріп жүр. Бұл өнеге емес, келеке", - деді этнограф.

Этнографтың айтуынша, әзіл мен әдептің аражігін ажырата білу қажет.