Тоқаев Қазақстан мұсылмандарын Рамазан айының басталуымен құттықтады

2022-04-01 16:20:27
Мемлекет басшысы Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлын қабылдады, - деп хабарлайды Ақорда сайты

Кездесуде Президент Қазақстан мұсылмандарын қасиетті Рамазан айының басталуымен құттықтады.

"Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының атқарып жатқан жұмыстары мен алдағы жоспары туралы баяндалды. Наурызбай қажы Тағанұлының айтуынша, мүфтият осы жылды "Ислам – ынтымақ пен бірлік діні" деп жариялаған. Осыған байланысты елімізде жыл бойына аталған тақырыпта форумдар өткізіледі. Сонымен қатар дін мен дәстүрді сабақтастыра отырып, жас қыз-келіншектерді имандылыққа баулитын "Әжелер мектебінің" ашылғаны жайлы айтылды", - делінген хабарламада.

Мемлекет басшысына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ораза айында ұйымдастыратын шаралары туралы мәлімет берілді. Наурызбай қажы алдағы уақытта түркітілдес елдердің Бас мүфтилерінің Алқасы құрылатынын жеткізді.