19 маусым – Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің құрылған күні

2021-06-19 12:20:15
19 маусым – Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің құрылған күні, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Қорғаныс миинистрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерін еліміздің әуе қалқаны деп атайды. Бұл әскерлердің басқармасы осыдан 29 жыл бұрын құрылды. Бүгінгі таңда ол Әуе қорғаныс күштерінің жеке әскер тегі.

1992 жылғы 19 маусымда Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерін құру туралы директиваға қол қойды. Әскерлердің құрамына Қазақстан аумағында орналасқан ӘШҚҚ құрылымдары мен бөлімдерінің 37 корпусы – зенит, зымыран, радиотехника және авиация бөлімдері, сондай-ақ әуе айлақтық-техникалық бөлімшелер, байланыс және радиотехникалық қамтамасыз ету батальоны кірді.

Бұл әскер тегінің негізін қалаушылар – Халық қаһарманы, армия генералы Мұхтар Алтынбаев, генерал-майор Анатолий Васимов, генерал-лейтенант Оқас Сапаров, генерал-майор Нұржан Мұқанов және басқа да тұлғалар.

1998 жылы әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің Әуе қорғанысы күштерінің құрамына кірді.

Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері әуе нысаналарын биіктік пен жылдамдықтың барлық ауқымында дер кезінде анықтауға және зақымдауға қабілетті соңғы үлгідегі зениттік-зымыран кешендерімен және барлау құралдарымен жарақталған.
19 маусым – Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің құрылған күні

2020 жылы әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерін қайта жарақтандыру бағдарламасына сәйкес «БУК-М2Э» жаңа зениттік зымыран кешені әкелінді. Бұған дейін Қазақстанда өндірілген GM-403 «Нұр» және Қазақстанның барлық әуе кеңістігін бақылауға мүмкіндік беретін «Роса-РБ» заманауи радиолокациялық станциялары пайдалануға берілді.

Аталмыш әскерлерге елдің әкімшілік-саяси, өнеркәсіптік-экономикалық аудандарын әуе соққысынан қорғау, әуе қарсыласына қарсы күрес жүргізу, орналасу пункттері мен жылжыту бағытындағы Құрлық әскерлерінің топтарын, маңызды әскери және басқа да нысандарды авиация және ұшқышсыз ұшу аппараттарының соққыларынан қорғау міндеттері жүктелген.

Әуе шабуылуына қарсы қорғаныс әскерлерінің жеке құрамы тәулік бойы жауынгерлік кезекшілік атқарып, әуе кеңістігін пайдалану ережесін сақтауды үздіксіз бақылайды.