Түркістан облысында тракторшы қыз күніне 10 гектар жер жыртады

2021-03-26 16:20:15
Жетісай ауданы Қызылқұм елді мекенінің тұрғыны Арай Асылбекқызы жастайынан трактор жүргізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ол 11 жасынан бастап ауыр техниканы тізгіндеп үйренген.

Бүгінде трактордың көмегімен ауылдастарының егістік жерлерін жыртып, табыс та тауып жүр.

«Кішкентай күнімнен жеңіл көлікке қарағанда, осы техникаға деген қызығушылығым арта түсті. Осындай ерекшелігімді байқаған әкем мен ағаларым бетімнен қақпай, керісінше трактор жүргізудің қыр-сырын үйретті. Сол үшін оларға шексіз алғысымды айтамын. Міне, соның арқасында күніне 10 гектарға дейін егістік жерін жыртып, диқандарға көмегім тиіп келеді. Күнделікті ісім осы болған соң, трактордың аз-кем техникалық ақауларын жөндеуді де үйреніп алдым», – дейді Арай Асылбекқызы.

Қазіргі таңда Түркістан қаласындағы жоғары оқу орындарының бірінде оқитын 1-курс студентін ауыл арасында «тракторшы қыз» деп те атайды екен.

Оның білім алып жүрген негізгі мамандығы - тіс дәрігері.

Түркістан облысында тракторшы қыз күніне 10 гектар жер жыртады