Елордалық еріктілер екпенің маңызы жайлы буклеттер таратуда

2021-08-03 12:21:51

Елордалық еріктілер екпенің ұтымды тұстары әрі профилактикалық маңызы жайлы ақпараттық жадынама таратты. Игі істі Байқоңыр ауданы әкімдігі «Астана жастары» коммуналдық мемлекеттік мекемесімен бірге ұйымдастырды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Аталған шара аясында еріктілер мен Полиция департаментінің қызметкерлері халық көп жүретін орындарды аралап, тұрғындарға, сатушылар мен кәсіпкерлерге карантин талаптарын еске салды.

«Біз екпенің пайдасына қатысты түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырып отырмыз. Бұл жұмыстарға жастар жағы белсенділік танытып келеді. Сонымен қатар ауданымызда тұратын көпбалалы аналар, ПИК төрағалары мен депутаттар да бұл бастамаға атсалысуда. Алдағы аптада базар басшылары тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Екпе ғана індеттен құтқарады. Әлем бойынша зерттеліп, дәлелденіп отырған вакцинаны барлығымыз салдыруымыз қажет. Бұл – әрбір адамның азаматтық парызы деп ойлаймын. Себебі екпе алып, өзіңді ғана емес, отбасыңды, әріптестеріңді, қоғамды вирустан қорғайсың. Мақсатымыз – 2 тамыздан бастап Ashyq жобасына қатыспайтын барлық кәсіпорындар мен ұйымдардың қызметі тоқтатылатынын жеткізу, Ashyq жобасына қатысудың жолдарын түсіндіру. Қаулы, ресми ақпараттарды тұрғындардың қабылдауы қиын, сондықтан біз ақпараттық-жадынама таратудың маңызы жоғары деп отырмыз», – дейді Байқоңыр ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Жаулыбаев.

Волонтерлар тұрғындарға екпеге қатысты шынайы ақпарат беруді көздейді, сонымен қатар халықты әлеуметтік желілерде желдей ескен қаңқу сөздерге емес, ресми ақпараттарға сенуге шақырды.

Сонымен қатар кәсіпкерлерге Ashyq жобасына қатысудың жолдарын жеткізді.

«Ең алдымен, Infokazakhstan.kz сайтына кіріп, ұйымды ЭЦҚ арқылы тіркеу керек. Екінші, Бас санитар дәрігердің қаулысын жүктеп, сіздің нысаныңызға қойылатын талаптармен танысып, оны электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландыру қажет. Сосын «Менің өтінімдерім» бөлімінде санитарлық нормаларға сәйкестік актісін аласыз. Төртінші, жеке кабинетке және электронды поштаға дайындық туралы актіні алып, жұмысты бастайсыз. Infokazakhstan.kz сайтында QR-код алуға өтініш беру үшін «Менің өтінімдерім» бөлімінде «Ashyq QR» батырмасын басасыз, деректеріңізді енгізіп, жеке кабинетіңізге өтесіз. Өтініш бергеннен кейін, өтініміңіз «Атамекен» ҰКП-ның өңірлік өкілдігіне түсіп, жоба шарттарына сәйкестігі тексеріледі. Бәрі дұрыс болса, Іnfokazahstan.kz платформасы QR-код шығарады. Кодты алып, 1 апта бойы сынақ режимінде жұмыс істейсіз. Қосымшаны сәтті қолданып жатсаңыз, әкімдік нысанды сайттағы тізімге қосады», – деп түсіндіріп берді «Астана жастары» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің координаторы Олжас Амангелді.

Бүгінде індеттен қорғанудың оңтайлы жолы – вакцина салдыру мен бетперде режімін сақтау. Тұрғындар жиі шоғырланған орындарда бетперде тағып жүруді, вакцина салдыруды жұрт назарына салған арнайы топ 3 сағаттың ішінде мың дана буклет таратты.

Иммундық терапия қабылдап жатқан науқастар, онкологиялық есепте тұрғандар мен жүкті әйелдерге вакцина салуға болмайды. Ал маусымдық аллергиясы бар адамдар міндетті түрде дәрігермен кеңесу керек. Аллергологтар оларға ауруынан айыққан соң міндетті түрде вакцина алу керектігін айтады.

Естеріңізге сала кетейік, елордадағы эпидемиологиялық ахуал тұрақсыз болып қалуда. Күн сайын қалада КВИ ауруын жұқтырған 1300-ден астам науқас анықталады. Аурудың орташа және ауыр ағымы бар 300-ге жуық пациент инфекциялық стационарларға түсуде. Осыған байланысты мамандар Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары мен қонақтарына арақашықтық сақтап, бетперде тағу ережесін қатаң сақтауды сұрайды. Бүгінде Нұр-Сұлтанда коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентін 341 мыңнан астам адам алды, ал 250 мыңға жуық азамат толық иммундаудан өтті.

Айта кету керек, инфекцияның өсуін тоқтатудың жалғыз тиімді әдісі – екпе егу арқылы ұжымдық иммунитетті қалыптастыру. Ол үшін вакцинаны тұрғындардың 60%-дан астамы алуы тиіс.