Елорда тұрғындарының 31 пайыздан астамы спортпен айналысады

2021-07-22 10:59:53

Спортпен шұғылданып, денсаулығыңды нығайту қашанда маңызды. Пандемия кезінде де салауатты өмір салтын ұстанып, сүйікті ісіңмен айналысу үшін тиісті жағдайдың бәрі жасалған. Нұр-Сұлтан қаласында спорт үйірмелеріне үнемі қатысатын тұрғындар қатары күн санап артып келеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Карантин кезінде жүгіру, велоспорт, йога секілді жекелеген спорт түрлері аса танымал болып келеді. Алайда қауіпсіздік шараларын естен шығармай, маска, антисептик секілді қорғаныс құралдарын үнемі өзіңізбен алып жүргеніңіз жөн.

«2021 жылғы мәлімет бойыншы елордада дене шынықтыру, спорт және дене шынықтыру-сауықтыру бағытында 574 ұжым жұмыс істейді, 378 835 адам спортпен шұғылданады, бұл қала тұрғындарының жалпы санының 31,5 % құрайды. Салыстырмалы түрде алар болсақ, өткен жылдың дәл осы кезеңінде 564 ұжым жұмыс істесе, 340 459 адам жаттығу сабағына үнемі қатысатын. Бұл бұл қала тұрғындарының жалпы санының 29,7% құрайтын», - делінген елорданың дене шынықтыру және спорт басқармасы таратқан хабарламада.

Ұжымдардың негізгі бөлігі спорттық-сауықтыру клубтарында, сондай-ақ ұйымдардағы немесе тұрғылықты жеріндегі секцияларда орналасқан.

Басқарманың мәліметі бойынша қала тұрғындары арасында салауатты өмір салтына деген қызығушылық спорт, дене шынықтыру-сауықтыру шараларының көбеюі нәтижесінде болып отыр.

Таңғы йогаға қатысып, бой сергіткен зейнеткер Күләш Қалиқызының айтуынша түрлі спорттық бастамалар әрбір адамның салауатты өмір салтын ұстанып, ұзақ жасауына жол ашады.

«Былтыр пандемия кезінде мен де бір ауырып тұрдым. Біз денсаулықтың қадірін көп біле бермейміз. Сарыарқаның суығында жас күнімізден жүргендіктен де шығар, бір жағы жасымыз да келген сайын буын-буынымыз ауырып жүреді. Төрт қабырғаға қамалып үйде отыра беруге болмайды. Сондықтан араласатын құрбыларыммен 4 жылдан бері йогаға қатысып жүрміз. Көңіл күйіміз тамаша! Қаламыз көркейе берсін!» – деді зейнеткер Күләш Қалиқызы.

Жұрт арасында жекелеген спорт түрлері танымалдыққа ие болғанмен көше спортына деген қызығушылық бәсеңдеген жоқ. Жақында елорда әкімдігінің қолға алуымен алғаш рет «NS street life» атты көше спортына арналған колизей ашылды. Қала тұрғындары мен қонақтары бұл жерде баскетбол, футбол ойнап, бой сергітуіне жағдай жасалған. Сол сияқты жарыстар, бокс және би турнирлерін өткізуге болады. Кешеннің екінші қабатында көлеңкелі шатырлар орналасқан.

Мемлекет басшысы халық арасында бұқаралық спортты дамытуға және салауатты өмір салтын насихаттауға ерекше көңіл бөледі.

Айта кетейік, түрлі үйірмелер елорда жастарының спортты өмірлік серігіне айналдырып, әлемдік бәсекелерде топ жаруына мүмкіндік береді.