Қарасайлық полицейлер құжатсыз және техникалық тексерусіз оқушыларды тасымалдап жүрген автобусты анықтады, деп хабарлайды Kaskelenkz тілшісі.
10-17 қазан аралығында республика бойынша "Автобус" жедел алдын алу шаралары жүргізіледі. Ол - қоғамдық көліктердің қатысуымен болатын жол апаттарын болдырмауға бағытталған. Қарасай ауданы полицейлері, аталған науқан аясында, бірінші күннің өзінде бірқатар жол үстіндегі заңсыздықты анықтады. Солардың ішінде Жамбыл, Алмалыбақ, Жалпақсай ауылдарынан округтерде оқушыларды мектепке тасымалдап жүрген автобустар да бар. Ең өкініштісі әрі қорқыныштысы балаларды оқуға апарып-әкеп жүрген бұл көліктердің тиісті құжаттары жоқ, өздері техникалық талапқа сай болмаған. ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 590 бабының 7,8,9 тармақтары бойынша әкімшілік хаттама толтырды.
Бір айта кетерлігі, аталған көліктердің жағдайын жергілікті Жамбыл және Ұмтыл ауылдық әкімдіктері қатаң қадағалауға міндетті. Өйткені, жеке кәсіпкерлер жергілікті атқарушы органдармен тасымалдау бойынша келісім шартқа отырады. Сонымен қатар, жүргізушілердің автобусты рұқсатсыз жабдықтағаны анықталған. Сапасы сын көтермейтін көліктер айып тұрағына қойылды. Аудандық полиция басқармасының берген мәліметіне сүйенсек, осыдан басқа ауылдар мен Қаскелең, Алматы қалаларының ортасын жалғап тұрған екі автобустың мемлекеттік нөмірлері шешіп алынды.
Қоғамдық көліктерге қатысты қатаң тексеріс алда да жалғасатын болады.