Қарасайлық түлектер ҰБТ тапсырды / 254?

Қарасайлық түлектердің алдыңғы легі тестілеуге 21 маусымда кірді, деп хабарлайды Kaskelenkz тілшісі.

Жауапты сынақ Қаскелең қаласындағы Белинский мектебінің базасында қабылданды. Бұл күні таңертеңмен мектеп маңындағы көлік қозғалысына шектеу қойылып, білім ордасының алды адамдарға лық толды. Олардың жартысы түлектер болса, қалғаны соларға қолдау білдіріп келген жақындары. Күтушілерге арнайы шатыр тігіліп, орындықтар да қарастырылыпты. Төрт сағатқа жуық тестілеуді тәмамдағандар біртіндеп сыртқа шығып жатты. Ал, балаларының болашағына алаңдаған ата-ана болса күннің аптап ыстығына қарамастан мектеп есігіне телміріп қараумен тұрды. Түс кезінде бұл жер түрлі эмоцияға толды. Өз біліміне сенгендердің жүзі жадырап тұрса, көңілінде күдік басым түлектердің жанары жасқа толы. Ал, жақындары болса, солармен бірге қуанып, бірге мұңаюда. 

Абитуриенттерден алған әсерлерін де сұрап көрдік. Кейбірі тест сұрақтарын қиын десе, келесілері оңай деп жатты. Үшіншілері ҰБТ нәтижесі - өмірлік маңызды дүние емес, жас болған соң, болашағымыз алда дегендей пікір білдірді. Ал, ата-аналар жағы ерекше толқыныстарын жасырмады. 

Айта кетсек, осы жылы елімізде ҰБТ 20-30 маусым аралығында 169 қосын базасында өтіп жатыр. Тестті 117 242 адам тапсырады, олардың арасында биылғы және былтырғы түлектер, колледж бітіргендер бар. Алғашқы күні мемлекетіміздегі су жаңа білім министрі Асхат Аймағамбетов сынақ тапсырушыларға арнайы барып, сәттілік тілеген еді.

2019 жылы тестілеу 16-шы рет өткізіліп отыр. Осы уақытқа дейін ҰБТ-ны 1 миллион 800 мың адам тапсырған екен. Тест жинағында барлығы 120 сұрақ бар. Тапсырмаларды орындауға 3 сағат 50 минут беріледі. Түлек ең жоғары дегенде 140 балл жинай алады.

 ҰБТ қорытындысы тестілеу өткен күні белгілі болады. Қорытынды Ұлттық тестілеу орталығының ресми сайтында жарияланады.

Түлектер қанша балл жинағанын жеке тестілеу нөмірін енгізіп @edugovkz_bot Telegram-боты арқылы да біле алады. Қорытынды қанағаттандырмаса, апелляцияға беру құқықтары бар.

Ауданымыздағы сындарлы сынақ осында енді 23-ші, 25-ші маусым күндері өтеді.