"Арай" тобы қашанда алда / 23?

Арай Арынғазина жетекшілік ететін «Арай» би тобының аты қаншама өнер сайыстарында жүлдегерлер қатарынан аталып келеді. Жетекшісі Арай Арынғазинаның би саласына құлаш ұрып, тәжірибе жинақтап келе жатқанына 16 жыл болыпты. Соның алты жылында шәкірттерін дүбірлі додалардың қақ ортасында жасқанбай апарып жүрген жайы бар.

Жақында ғана білікті маман Шамалған ауылдық орта мектебінде оқитын шәкірттерін биыл алтыншы рет өтіп жатқан халықаралық «Жұлдыздар жарқырайды» байқауына қатыстырды. Онда Ресей, Қырғызстан мемлекеттерінен және еліміздің бірқатар өңірлерінен дарынды деген жас таланттар келіп бақ сынаған еді. Қатысушылар бидің бірнеше түрі бойынша жас ерекшеліктеріне қарай бөлініп, сахна төрінде сайысқа түскен.

Әрине, олардың қатарынан Шамалған ауылындағы орта мектептің би үйірмесінде тәрбиеленушілер оқ бойы озық шыға білді.

Арай Арынғазықызының үлкен үміт артып, жетелеп апарған үш топтағы шәкірттері сенім үдесінен шығып, үшеуі де конкурстың І дәрежелі лауреаты атанды. Бес жастағы бүлдіршіндер тобы «Айгөлек» биін, орта топ «Теңізшілер» биін, үшінші топ «Андижанская полька» биін билеп қазылар алқасының және көрермендердің көңілінен шықты.

Бұған дейін талантты қыздар жыл басында Алматыда өткен «Ғұмырдария» конкурсында бас жүлде иеленген болатын.

Осылайша, жасөспірім шақтан жеңіс тұғырынан жаңылмай орын алып жүрген өнерлі өрендерімізді әлі де талай биік шыңдардан көреміз деген сенімдеміз!