Абай облыстық мәслихатының бұрынғы депутаты Серік Байғалиев сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмысы кезінде өзіне қысым көрсетілгенін мәлімдеді, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның айтуынша, ресейлік нөмірден әлдекім уатсабына хабарлама жіберіп, қоққан-лоққы көрсеткен.
«Бәрі 17 ақпаннан басталды. Маған хабарласқан кісі өзінің әлеуметтік желіде 100 мың жазылушысы бар екенін айтты. «Сен алған бетіңнен қайт. Мәмілеге келмесең, бүкіл елге жария етеміз» деп әуелі 2 миллион, кейін 20 миллион теңге талап етті» дейді ол.
Серік Байғалиев ресейлік беймәлім адам жұбайына да хабарлама жіберіп, өзі туралы қисынсыз дүниелерді жазған соң Абай облыстық полиция департаменті мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаментіне және ҚР Бас прокуратурасына өтініш жазғанын айтады.
«Әлеуметтік желідегі парақшама жазба да жарияладым. Осыдан соң кейін ғана хабарлама мен қоңырау тиылды. Менің талабым, құзырлы орындар әлгі адамды тауып, жауапқа тартса деймін. Олардың түпкі ойы, мені облыстық мәслихаттың депутаты болғызбау. Өйткені, мен олардың айтқанына көніп, айдауына жүрмейтін депутатпын. Халықтың сөзін сөйлеймін. Үндемей отыра алмаймын. Қарсы шығамын, талап етемін. Осы жолы да мені Абай облыстық мәслихатының депутаттығына өткізбейтін шығар» дейді.
Айта кетейік, Серік Байғалиев Абай облыстық мәслихатының депутаттығына «Ауыл» партиясы атынан партиялық тізіммен түскен болатын.
Всегда свежие новости на нашем Telegram канале ПОДПИШИСЬ
Поделиться информацией для публикации в новостях на WhatsApp