Амандық Баталов: Сырқаттың ауыр салдарын жеңу оңай болған жоқ

2020-08-06 13:00:43
Алматы облысының әкімі Амандық Баталовқа қатысты гу-гу әлі тоқтамай тұр. Жуырда «Баталов әлі жұмысқа шыққан жоқ. Денсаулығы мәз емес. Күзді күтпей, қызметтен кетуі мүмкін...» деген әңгіме құлағымызға жетті, деп хабарлайды NEGE.KZ.

Осыған байланысты Nege.kz порталы Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың атына сауал жолдаған. Кері байланыс көп күттірген жоқ және жауап аппарат басшысынан немесе әкімнің орынбасарынан емес, Амандық Ғаббасұлының өзінен келді.

Амандық Ғаббасұлы қай ауруханада ем қабылдағанын, емдеудің қандай тәсілін пайдаланғанын және қандай дәрілермен емделгенін ашып айтқысы келмегенге ұқсайды. Ем – әр адамның жағдайына, ағзасының мүмкіндігіне қарай тағайындалады. Дәрі де солай. А.Баталовтың алдымен Талдықорғандағы ауруханалардың бірінде, кейін Нұр-Сұлтандағы кардиологиялық орталықта ем алып шыққанын жазғанбыз. Сондықтан, кейбір сұрағымызға жауап бермегеніне ренжігеміз жоқ.
Сонымен, қазір Алматы облысының әкімі Амандық Баталов қайда? Денсаулығы қалай? Алматы облысының әкімі жауабында былай дейді:

«Менің денсаулық жағдайыма байланысты сауал жолдап, алаңдаушылық білдіргеніңізге алғыс білдіремін.

Сырқаттың ауыр салдарын жеңу оңай болған жоқ. Біліктілікпен ем жасаған дәрігерлерге де, тілектестігін білдіріп, күш-қуат берген көпшілікке де рахмет айтамын. Соның арқасында ауруға берілмей, бар ерік-жігеріммен қарсы тұрдым. Қазір айығып шықтым. Емнен кейінгі өзін-өзі оқшаулау алгоритміне қарамастан, індетпен күрес жағдайындағы қауырт жұмысқа байланысты өз лауазымдық міндеттерімді атқаруға бірден кірісіп кеттім.

Сіздерге, барша халыққа денсаулық тілеймін. Ауырмаңыздар, аман болыңыздар.

Санитарлық талаптарды сақтап, шектеу шараларын орындап, өз өміріміз бен жақындарымыздың өміріне жауапкершілікпен қарайық».