Денсаулық сақтау министрлігі пиаршыларды жұмысқа алып, миллиондар төлеуге дайын – БАҚ

2020-08-04 15:00:44
Денсаулық сақтау министрлігі жұмысқа PR-мамандар, редакторлар, дизайнерлер, фото және видео түсіретін мамандар іздеп жатыр. Ведомство оларға миллиондар төлеуге дайын, деп хабарлайды kursiv.kz сайты.

Маман іздеу жөніндегі хабарландыруды Facebook әлеуметтік желісінде «жасыл» технологиямен айналысатын коммерциялық емес ұйым қызметкерінің бірі жариялаған. Алайда, хабарландырудың астында Денсаулық сақтау министрлігі қызметкерінің электронды поштасы көрсетілген.

«Компанияға қолға 300 мың теңге айлық алатын редакторлар, 450 мың айлыққа PR-менеджерлер, 250 мың теңге айлыққа – SMM-менеджерлер, 300 мың айлыққа – фотографтар мен видеграфтар және координатор-көмекшілер керек. Барлық қызметтер әңгімелесу барысында талқыланады», - делінген хабарламада.

Министрліктің ресми өкілі Бағдат Қожахметов хабарландырудың ведомстваға қатысы бар екенін растайды.

«Бізге расымен PR-мамандар керек. Жалақының көлемі әртүрлі, себебі бірыңғай қаржы көзі жоқ. Түрлі позициядағы мамандандарды ДСМ-нің әртүрлі бөлімдеріне шақыруға мәжбүрміз. Алдымызда министрліктің ақпарат орталығын құру міндеті тұр. Онда жүйенің қоғаммен байланысқа жауап беретін барлық қызметкерлері жұмыс істейді», - деп пікір білдірген ол.

Қожахметов сонымен бірге жоғарыда аталған қызметкерлерге жалақы Денсаулық сақтау министрлігінен, «СК-Фармация» компаниясынан, Әлеуметтік-медициналық сақтандыру қорынан төленетінін айтты.