Алматы облысында заңсыз балық аулаған екі браконьер ұсталды

2020-07-29 15:00:46
Алматы облысында полицейлер заңсыз балық аулаған браконьерлерден 10 келіден астам ақмарқа балығы мен тыйым салынған құралдарды тәркіледі. Бұл туралы Polisia.kz хабарлайды.

«Бүгін, түнгі сағат он екі шамасында «Мерседес» маркалы автокөлігімен белгісіз біреулер назарға іліккен. Екі ер адамның Балқаш ауданының үлкен каналынан балық аулап қайтып келе жатқаны анықталды. Олар жергілікті тұрғындар болып шықты. Тәртіп сақшылары тексеру барысында олардан ескегі бар үрленетін резеңке қайық, электр аккумуляторы, 10 келіден астам ақмарқа балығы және басқа да балық аулау құралдарын тапты», – деп атап өтті Алматы облысы ПД Табиғатты қорғау полициясының инспекторы Бағлан Рымжанов.

Олар заңнамада қатаң тыйым салынған электр-қармақтар мен желілерді пайдаланған.

«Азаматтар бұл қылмыстық іс-әрекеттің артындағы жауапкершілікті әрдайым және толық түсіне бермейді. Өкінішке орай, адамдардың заңға бағынбайтын санаты балық аулау кезінде тыйым салынған құрылғыларды жиі қолданады. Ал, бұл қылмыс болып табылады және қатаң жазаланады. Енді ұсталған азаматтар заңнамада көзделген жазаны толық көлемде өтейді», – деп толықтырды Бағлан Рымжанов.

Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары ҚР ҚК 335-бабы «Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсiмдiктерін заңсыз алу» негізінде жүргізілуде.