Қазақсанда жыл басынан бері пневмониямен ауырған 234 187 адам коронавирус статистикасына қосылмайды

2020-07-23 09:00:43
Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой 22 шілде күні «Хабар 24» арнасына берген сұхбатында айтты.

Айта кетейік, 17 шілде күні Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері қатысқан онлайн-брифингте Алексей Цой Қазақстанда коронавирус инфекциясы мен одан болған пневмония статистикасы біріктіріледі деп мәлімдеме жасаған еді. Цой жаңа статистика 1 тамыз күні басталатынын және оған 1 тамызға дейін тіркелген пневмония фактілері қосылуы мүмкін деген ишара танытқан.

Алайда, кеше ол Рахым Ошақбаевтың «Дөңгелек үстел» атты бағдарламасына қатыса отырып, бұған дейін тіркелген 234 187 пневмония фактісі есепте қала беретінін, бірақ, ол жаңа статистикаға қосылмайтынын мәлім етті.

«Жаңа статистикаға біз ресми түрде тест растаған коронавирус инфекциясының саны мен коронавирус инфекциясымен клиникалық белгілері ұқсас пневмонияны көрсетеміз. Яғни, ауырғандар мен өлгендердің статистикасы осы екі деректен құралады. Ал, қазір біз пневмония ауруының барлық түрі көрсетілген ортақ статистикамен отырмыз. Әрине, дәл қазір сандарды бөліп-жару мүмкін емес, өйткені, қазір пневмонияның коды бір. Ал, енді ДДСҰ-ның ұснысымен біз жаңа кодтауға көшеміз. ДДСҰ-ның ұсынысы бойынша, біз 1 тамыздан бастап дәл сол уақытта тіркелген жағдайларды ғана статистикаға қосамыз. Яғни, бұған дейін анықталған жағдайлар жаңа статистикаға кірмейді, өйткені, оның коды басқа. Тамыздан бастап жаңа кодпен жаңа есеп кетеді», - деді Цой Ошақбаевтың сұрағына жауап бере отырып.

Денсаулық сақтау министрі «Жаңа статистикаға неге тым болмағанда шілденің соңғы он күндігіндегі фактілер енбейді?» деген сұраққа жауап берді.

«ДДСҰ-мен келісілген жаңа код жаңа қабілеттерді қажет етеді. Қазір ДДСҰ мамандарымен тренингтер өткізіп, біздің статистика жүргізетін мамандарды оқытып жатырмыз. Кейін біздің статистер жаңа кодтау тәсілін емхана, ауруханадағы әрбір маманға үйретеді. Осылайша, әрбір медқызметкер коронавирус инфекциясынан болған пневмонияны кодтаудың жаңа тәсілін үйреніп шығады. Бұған айтарлықтай уақыт керек. Сондықтан, біз статистиканы 1 тамыздан бастағалы отырмыз», - деп жауап берді.