Петропавлда балаларының түнгі қыдырысы үшін 52 ата-ана жазаға тартылды

2020-07-23 07:00:43
Петропавлда балаларын бетімен жіберген 52 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінде ювеналдық полицейлердің жұмысы қызған. Індетті жаппай жұқтыру қаупіне байланысты жазғы демалыс лагерьлері мен үйірме-клубтар жұмысы тоқтап тұр. Сондықтан жасөспірімдерге қажет тиісті қадағалау жеткіліксіз.

Петропавлда ювеналдық полиция бөлімшелерінің қызметкерлері мұғалімдермен бірлесе үй-үйді аралап, жасөспірімдермен кездеседі, түсіндіру жұмысын жүргізеді. Мақсат – қадағалай отырып, балалардың түрлі қылмысқа баруына жол бермеу.

16 жастағы жасөспірім полицейлердің есебінде тұр. Анасы баласының тәрбиесіне тиісті көңіл бөлмей, міндетін орындамағаны үшін үш рет әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ювеналдық полицейлер бұл баланы ерекше бақылауға алды. Енді кезекті рет тәртіп бұзған жағдайда отбасына қатысты материал Петропавл қаласы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияның қарауына шығарылады.

«Негізінен тұрмысы төмен отбасындағы және түрлі есепте тұрған жасөспірімдермен жұмыс істейміз. Тұрақты түрде білім мекемелері, прокуратура органдары, волонтерлер және қоғамдық ұйым өкілдерімен бірлескен рейд жүргізіліп тұрады. Мүдделі ведомстволардың және қоғамдық ұйымдардың қолдау көрсетуі өте маңызды. Ата-аналарды да түсінуге болады, қазіргі қиын жағдайда балаларының бос уақытын ұйымдастыруға мүмкіндігі жоқ», - дейді СҚО ПД ЖПҚ басқармасы бастығының орынбасары Александр Розбах.

Жазғы демалыс басталғалы балаларының түнгі қыдырысы үшін 52 адам жауапкершілікке тартылды. Полицейлердің айтуынша, кейде ата-аналар балаларын ересек туыстарына ертіп жібереді. Сағат 23.00-ден кейін балаларға тек ата-аналарымен не заңды өкілдерімен үйден тыс жерде болуға рұқсат етіледі.

Сондай-ақ балалары спирттік ішімдік ішкені үшін 7 ата-ана жауап берді. Бұдан басқа, бір ай ішінде жасөспірімдердің жоғалуының 21 дерегі тіркелді.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, балалар өз бетінше үйден кету арқылы өзінің еркіндігін және тәуелсіздігін көрсеткісі келеді.