Жоғары санаттағы дәрігер Мыңжылқы Бердіқожаев елдегі коронавирус инфекциясынан тіркелген өлім-жітім статистикасы шындықтан мүлде алшақ дегенге сенімді, деп хабарлайды AzattyqRuhy.kz.

Нейрохирург-дәрігер, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Мыңжылқы Бердіқожаев ұлттық аза тұту күнінде видео-үндеу жариялап, Қазақстанда коронавирустан тіркелген өлім статистикасы теріс екенін, қатені тез арада мойындап, жағдайды дұрыстамаса, жағдай реттелген соң жалған статистика таратқаны үшін Қазақстанға жан-жақтан санкциялар салынуы мүмкін екенін ескертіп отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Бүгін ұлттық аза тұту күні...аурудан қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтамын. Иманды болсын. Дәл қазір coronavirus2020.kz сайтынан өлім-жітім туралы статистиканы қарап шықтым. Статистика қатты бір өзгеріп жатқан жоқ. Сайтта жаңадан пайда болған коронавирус инфекциясынан қаза тапқан қазақстандықтардың саны 360 адамның айналасында деп көрсетілген. Бұл статистикаға елімізде пневмониядан көп тіркеліп жатқан өлім-жітімі қосылмай отыр. Ал, қазіргі пневмония көп жағдайда вирусты инфекциядан болған ауру. Сондықтан, оны атипиялық пневмония деп толық сеніммен айтуға болады. Яғни, елімізде осы атипиялық пневмонияны жаңа коронавирус инфекциясы тудырып отыр. Бұл фактіні мойындау керек», - дейді Мыңжылқы Бердіқожаев.