Болашақта болжап болмайтын физикалық жұмыстардың 80% робот істейді – Асқар Мамин

2020-06-30 11:00:49
Бүгін Үкімет отырысында қазақстандықтардың IT білімін арттыру, елде цифрлы білім беруді дамытудың жаңа бағдарламасын іске қосу және электронды қызметтерді дамыту туралы мәселелер қаралды, деп хабарлайды AzattyqRuhy.kz.

Елдегі IT білімді дамыту туралы есеп берген Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, енді колледждер мен униерситеттерге IT дайындық жөніндегі пәнаралық сабақ кіреді. Аймағамбетовтің айтуынша, жаңа білім беру бағдарламасы басталып та кеткен және жыл сайын 400 мың студент цифрлық білім алып шығады.

«Осылайша, 2030 жылға қарай, оқу орындары жаңа форматта білім алған 3 миллионнан астам студентті даярлап шығады», - дейді Аймағамбетов.

Оның баяндамасын тыңдаған Үкімет басшысы Асқар Мамин тек жастардың ғана емес, жалпы қазақстандықтардың цифрлы білімін арттыру керек деп, тапсырма берді. Халықаралық сарапшылардың болжамын мысалға келтірген Премьер егер болашақта жұмыстардың 80% роботтар атқаратын болса, қазақстандықтар бәсекеге қабілетті болуы керек дейді.

«Халықаралық сарапшылардың болжамында, болжап болмайтын физикалық міндеттерді атқарып отырған адамдардың 80%, мәліметтерді өңдеу саласында жұмыс істейтін жұмысшылардың 70% роботтар алмастыруы мүмкін. Сондықтан, IT біліктілігі бар кадрларды даярлаудан басқа, жұмысшы адамдардың цифрландырудағы дағдыларын, жалпы, цифрлы білімін арттыру керек. Қазақстандықтардың барлығы технологиялармен жұмыс істеп, электронды қызметтерді білуі керек», - дейді Асқар Мамин.

Сондықтан, Үкімет басшысы «Цифрлы білім» бағдарламасын сәтті орындап, 2025 жылға қарай, қазақстандықтардың IT білімін 90% жуықтатуды тапсырды.