Қырғызстанның бұрынғы президенті Атамбаев сотталды

2020-06-23 13:01:25
Алмазбек Атамбаев қылмыс әлемінің серкесі Азиз Батукаевты заңсыз босатуға қатысы бар деп айыпталған болатын. Көрші елдің экс-президенті 11 жыл және 2 айға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды SputnikNews.kz Қырғызстан сот залынан.

Мемлекеттік айыптаушы Алмазбек Атамбаевты 15 жылға соттауды сұраған болатын.

Азиз Батукаевты заңсыз босату

Батукаев 2006 жылы 16 жыл және 8 айға бас бостандығынан айырылған болатын. 2013 жылы "ауыр дертке" байланысты шартты түрде мерзімінен бұрын босап, Қырғызстаннан кетті.

Ішкі істер министрлігі Батукаевтың жалған диагноз қою арқылы Атамбаевтың тікелей нұсқауымен босатылғанын мәлімдеді. Атамбаев қылмыс әлемінің серкесін босатуды ұйымдастыруды сол кездегі ішкі істер министріне тапсырған.

Қырғызстанның ішкі істер министрлігі Алмазбек Атамбаевты куәгер ретінде үш рет жауап алуға шақырды. Бірақ ол бірде біреуіне барған жоқ. Осыдан кейін күш құрылымдары экс-президентті күшпен әкелуге бел буды.

Атамбаевты ұстау операциясы

2019 жылдың 7 тамызында кешке Атамбаевтың Кой-Таш ауылындағы үйіне шабуыл жасалды. Экс-президенттің резиденциясы орналасқан ауыл Бішкек қаласынан 20 шақырым қашықтықта. Атамбаевты ұстау операциясын елдің мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнайы жасағы жүргізген. Олар бұрынғы президенттің үйінің ауласына баса-көктеп кіріп, резеңке оқпен ата бастаған.

Күш құрылымдарының әрекетіне жауап ретінде Атамбаевтың жақтастары үйге кіріп, арнайы жасақ сарбаздарын кепілге алған. Жергілікті тұрғындар мен Атамбаевтың жақтастары арнайы жасақ сарбаздарына тас лақтырып, жағдай ушыға түсті. Артынша атыс басталды.